«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

60 АДАМ – ОТ ПЕН СУДЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ

Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінде өткен шара үстіміздегі жылғы өрттер мен төтенше жағдайдың алдын алу саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналды.

“Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” ММ бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Біржан Кәрімов жыл басынан бергі 9 айда 150 апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілгенін, олардың басым бөлігі қар кептелісі мен борандар, су тасқыны мезгілінде өткізілгенін, соның нәтижесінде 34 адам құтқарылып, 262 адам мен 65 техника бірлігі қауіпсіз жерге көшірілгенін атап айтты. Шеберлікті арттыру мақсатында осы кезеңде 83 өрт-тактикалық оқу-жаттығуы мен 557 өрт-тактикалық сабақтары өткізілді. Біржан Тельманұлы өрт сөндіру бөлімдері жеке құрамдарының спорттық дайындығына, олардың күрделі өрттерді сөндіру кезіндегі іс-әрекеттерін пысықтайтын сабақтар өткізуге ерекше назар аударылатындығына да тоқталды.

Мемлекеттік өрт сөндіруді бақылау басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Нұрлан Атығаев өрттердің алдын алу бойынша өңіріміздің қалалары мен ауылдарында атқарылған жұмыстарды ортаға салды. Тоғыз айдың қорытындысын өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, өрттерден келген материалдық шығын – 60%-ға, отта қаза болғандардың саны 28%-ға азайған (2013 жылы – 36 адам, 2014 жылы – 26 адам).

– Біздің барлық күшіміз бірінші кезекте халық арасында алдын алу жұмыстарын жүргізуге бағытталады, одан нақты нәтижелер де бар. Тек өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу кезеңінде тұрғын үй секторында 9111 аулада болып, 19045 адаммен әңгімелесу жүргізілді, 10789 жаднама таратылып, халықпен 39 жиын өткізілді. Жақсы жаңалық ретінде Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылық нысандары мен елді мекендерінде құрылған ерікті өрт сөндіру құрылымдарының (ЕӨҚ) тиімді жұмысын мысалға келтіруге болады. 2014 жылы ЕӨҚ 172 өртті сөндіруге қатысты, ол жалпы өрт санының 28%-ын құрайды, – деді Нұрлан Бауыржанұлы.

Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Асхат Бақышев нысандардың қысқа дайындығы туралы айтып, шұғыл ден қою жасақтарының, техника мен жеке құрамның қыс мезгіліндегі ықтимал төтенше жағдайларды жоюға әзірлігі жайын баян етті.

Суда құтқару қызметінің басшысы Виктор Держанский 9 айда су айдындарына 2500 шолғын жасап, мектепте 4 интерактивтік сабақ өткізілгенін, 239 бала жүзуге үйретілгенін тілге тиек етті. Есепті кезеңде су айдындарында 34 адам қаза болды, олардың 13-і – балықшылар мен аңшылар,152 адам құтқарылды.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық төтенше

жағдайлар жөніндегі департамент

баспасөз қызметінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp