Облысымызда 669 шетел азаматы уақытша тұруға рұқсат алды. Өңірімізде бір жылға дейін қалуға ниет білдірушілердің басым бөлігі – ресейліктер. Олардың дені жұмысқа орналасу мақсатымен келген. 389 азамат көші-қон қызметіне еңбек шарты мен жұмыс берушілерден өтінішхат ұсынды. Бұл құжаттар уақытша тұруға рұқсат алу үшін қажет.
Ресейден келген 217 азамат отбасымен бірігуді мақсат тұтқан. Ресейлік Александр Сиренконың Қазақстан азаматтары болып табылатын зайыбы мен баласы Мамлюткада тұрады. Олар некелескеннен бері 7 жылдан астам уақыт өтіпті. 36 жастағы ер адам мүгедек арбасына таңылған, сондықтан жүріп-тұруы қиын. Ол қажет құжатын жылдам алды. «Рұқсат алу үшін көші-қон қызметіне баруымның да қажеті жоқ екен. Полицейлердің түсіндіруінше, жұбайымның барғаны жеткілікті. Адамгершіліктеріне алғысымды білдіремін. Заңға енгізілген өзгеріс енді маған қосымша тіркелмей, ешқайда шықпай-ақ, отбасыммен бірге болуыма мүмкіндік берді», – дейді ресейлік азамат.
Сондай-ақ, 57 шетелдік өңіріміздегі оқу орындарында оқып жүргендеріне байланысты уақытша тұруға рұқсат алды. «11 қаңтардан бастап көші-қон заңнамасындағы өзгерістер заңды күшіне енді. Енді жұмыс істеуге, оқуға, емделуге, отбасымен қосылуға келген шетелдіктер, бизнес-иммигранттар елімізде бір жылға дейін қалуға құқық беретін уақытша тұруға рұқсат алуына болады», – деді көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ермек Нұсырбаев.