Мен Шымкент облысындағы Арыс ауданының тумасымын. Бала күнімде ақ халат киіп, адамдарды емдеуді армандадым. Мектепте оқып жүріп-ақ саналы өмірімді дәрігерлік қызметке арнайтынымды білдім.
Мектепті бітірген соң үш жыл қатарынан Шымкенттің, Алматының медициналық жоғары оқу орындарына оқуға түсуге тырыстым. Бірақ емтихандардан сүріндім. Асқақ арманыма деген ілтипатым оқуға деген ынтамды мұқалта алған жоқ. Ерік-жігерімді жұдырыққа түйіп, 1994 жылы Астана қаласындағы медициналық университетке оқуға түстім. Оны 2000 жылы тамамдадым. Интернатураны елорданың №1 қалалық ауруханасында өттім. Алғашқы оталарымды да сонда жасадым. Мамандығымның қыр-сырына тереңірек үңілген тұсым облысымыздың Тайынша ауданының орталық ауруханасымен тікелей байланысты.
Себебі, 2001 жылы жолдамамен Тайынша ауданының емдеу мекемесіне қызметке орналастым. Жора-жолдастарым шымкенттік жігіт солтүстіктің қытымыр аязына шыдай алмай, бір жыл өтпестен еліне оралады деп санады. Бірақ содан бері 14 жыл өтті. Кіндік қаның тамған елің әрқашан туған жерің болып қала береді. Ал отбасыңды ұйытып, шаңырағыңның іргесін қалаған мекенің ерекше ыстық. Бұл өңірде балаларым дүниеге келді. Сол себепті Қызылжар өңірі мен үшін құтты мекеніме айналды. Оның бетті қаритын аязы Шымкенттің шіліңгір ыстығынан кем түспеді.
Өткен жылғыдай биылғы жыл да мен үшін табысты аяқталды. Мәселен үстіміздегі жылы Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған республикалық байқауға қатысып, “Үздік ауыл дәрігері” аталымында екінші орынды иелендім. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйытқы болған “Қазақстан – менің туған елім” байқауында да жеңімпаздар қатарынан көріндім. Десе де, әрбір дәрігер үшін ең маңыздысы – дертіне шипа іздеп келген науқастарға көмектесу, оларға сапалы медициналық көмек көрсету. Үстіміздегі жылы әріптестерімізбен 600-ге жуық науқасқа ота жасадық. Яғни, сырқатына шипа іздеген сонша адамның сауығуына септестік. Ал дәрігер үшін бұдан асқан мәртебе бар ма?!
Жасқайрат БИНАШЕВ,
Тайынша аудандық
ауруханасының хирург
дәрігері.
Тайынша ауданы.