Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында облыстық полиция департаменті өз ардагерлеріне арнап мерекелік дастарқан жайып, концерт ұйымдастырды. Полиция қызметінің 200-ден астам ардагерінің жасы 70-тен асқан. Олардың әрқайсысына материалдық көмек көрсетілді.
Марапаттау рәсімі ардагерлерді ерекше көңіл-күйге бөледі. Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев қызмет атқару кезінде жоғары кәсібилік танытып, қазіргі уақытта да полиция өміріне белсене араласып жүрген зейнеткерлерге медальдар мен грамоталар табыстады. Марат Сағынтайұлы аға ұрпақтың еңбекқорлығы мен өмірлік ұстанымдары қазіргі полицейлерге бағыт-бағдар беретінін атап өтті.
«Байырғы әріптестермен кездесу және өткен күн туралы жылы естеліктер жастық шаққа қайта оралуға мүмкіндік берді. Бұл – ең тамаша сыйлық. Осындай кездесулер бойымызға қуат, жанымызға серпіліс сыйлайды», – деп ішкі істер органдарының ардагері отставкадағы полковник Ермек Талғарбаев алған әсерімен бөлісті.
Полиция департаментінде зейнеткерлерге әрдайым ерекше құрмет көрсетіледі. Ведомстводағы медициналық қызметтің дәрігерлері оларға барынша көңіл бөліп, тиісті көмек көрсетеді. Барлық салтанатты іс-шараларға ең алдымен ардагерлер шақырылады. Халықаралық қарттар күні қарсаңында полицейлер әдеттегідей бір күндік еңбекақыларын, жалпы сомасы 7 миллионнан астам теңгені ардагерлер кеңесінің қорына аударды. Бүгінгі таңда облыстық полиция департаменті есебінде 2086 зейнеткер тұр. Соның ішінде бесеуі – Ұлы Отан соғысының ардагері, 28-і – тыл еңбеккері мен төртеуі – майдангерлердің 4 жесірлері.