Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бірыңғай сатып алу терезесі» сервисі іске қосылғаннан бері өңірімізде мемлекеттік сатып алу барысында 7 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың жолы кесілді. Көбінесе кеңсе тауарлары, қағаз, жанар-жағармай сияқты ұсақ-түйекке тым жоғары баға белгілеген. Алайда сатып алынатын тауар көлемі көп болғандықтан, тиісінше оған жұмсалатын қаржы да қомақты.
«Ысырапшылдық рейтингінде жұмыспен қамтуды үйлестіру саласы көш бастап тұр. Атап айтқанда, Преснов және Тайынша әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары 3 млн. теңгеден астам қаржыны үнемдемеген. Табиғатты реттеу саласында 2 млн. теңгені үнемдеуге болар еді. Мемлекеттік сатып алу барысында мәліметтерді қате толтыруға да жол берілген. Мәселен, трактор сатып алғысы келген Преснов орман шаруашылығы оның бағасын 6 млн. теңгенің орнына 673 млн. теңге деп қате көрсеткен», – деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бірыңғай сатып алу терезесі» мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл ресурс сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
«Біздің мамандар мемлекеттік сатып алу кезіндегі жемқорлық тәуекелдерін онлайн режімде анықтайды. Ақпараттық жүйе арқылы біз бағаның негізсіз төмендетілгенін немесе керісінше қымбаттатылғанын, жеткізіп беру мерзімін және өзге де ауытқушылықтарды көре аламыз», – деп түсіндірді Нұрлан Жахин.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша департаменттің ұсынымдық сипаттағы хаттарынан соң 32 тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу жоспарына тиісті өзгерістер енгізді.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.