Ауыл шаруашылығы жерлері мен қорларын тиімді пайдаланудың маңыздылығы күн тәртібінен түсер емес. Былтыр жалға алынғанымен, мақсатты пайдаланылмай келген 293 мың гектар жер анықталған болатын. Оның басым бөлігін, яғни 239 мың гектарын жайылымдар құрады. Ал биыл осындай тағы 8 мың гектар жайылым тіркелді.
Бүгіндері облысымыздағы қолданыстағы жердің жалпы аумағы 9,8 млн. гектарды құраса, оның 7 млн. гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылуда. Бұл жерлердің 4,9 млн. гектары – егістік, 1,9 млн. гектары жайылымдық болып табылады. Қазір оған 736 серіктестік, 3016 шаруа және фермерлік қожалығы иелік етіп отыр. Алайда, жерді мақсатты пайдаланбайтындар да бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Жалғас Сүлейменовтің айтуынша, шаруашылықта мал болмаған жағдайда жайылымдық жер мемлекеттің қарамағына қайтарылуы тиіс.
– Соңғы екі жылдың ішінде 73 мың гектар жер мемлекеттің қарамағына қайтарылды. Оның 28 мың гектары егістік алқаптары болса, 42 мың гектары –жайылымдар. Біздің инспекторлар анықталған заң бұзушылықтар бойынша дайындалған материалдарды облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жолдады. Ендігі кезекте өз жұмысына салғырт қараған агроқұрылымдар жер салығын он есе артық төлейтін болады. Бұл шаралардың нәтижесінде былтыр жергілікті бюджетке – 175 млн., ал биыл 14 млн. теңгенің салығы түсті, – дейді Жалғас Сүлейменов.
Басқарма өкілінің айтуынша, соңғы екі жылда қолданысқа енгізілген 192 мың гектар жер бүгіндері егіс алқаптары ретінде пайдалануда. Сондай-ақ, аталмыш кезеңде 9 мың гектар жайылым егістікке ауыстырылды. Олардың егіске жарамдылығын тексеру мақсатында арнайы зерттеулер жүргізілген. Атап айтқанда, былтыр мамандар 600 мың гектар аумақта топырақтың сапасын, оның құрамындағы гумус, фосфор, азот және калидің мөлшерін анықтады. Сондай-ақ, 700 мың гектар жайылымда шөптердің түрі мен өсу сапасын анықтау мақсатында геоботаникалық зерттеулерді қолға алды. Үстіміздегі жылы бұл жұмыстар 600 мың гектарда жүргізілмек.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.