
Кеше Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-да еңбек ұжымдарының басшыларымен кездесіп, облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен ірі компаниялар және кәсіподақтар арасындағы үшжақты өзара ынтымақтастық, іскерлік байланыс туралы меморандумдарға қол қою рәсіміне қатысты.
Вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Ерік Сұлтанов ең алдымен мұнай өндіру бұрғыларын жөндейтін жаңа агрегаттың жасалу барысымен танысты.
– Әлемдегі экономикалық жағдай баршамызға белгілі. Экономиканың өсімін сақтау, халықты әлеуметтік қорғау үшін Елбасы тапсырмасымен Үкімет бірқатар шараларды қолға алып, белсенді жұмыс атқаруда. Осы тұрғыдан келгенде, өнеркәсіп саласында кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істеуін қамтамасыз етуді өзекті міндет деп санаймыз. Жақсы тапсырыстарға қарай жұмыспен қамту да, еңбекақы да болады, барлық еңбек құқықтары қамтамасыз етіледі. Бүгінгі Бердібек Машбекұлы бастап келген делегацияның құрамында министрліктер мен ұлттық компаниялардың өкілдері бар. Осы кездесу аясында әлеуметтік даму мәселесі бойынша облыс әкімдігі, кәсіпорындар мен өңірдің кәсіподақ ұйымдары арасында, жергілікті үлесті дамыту бойынша облыс әкімдігі мен ұлттық компаниялар арасында өзара ынтымақтастық және іскерлік байланыс жайлы меморандумдарға қол қойылады, – дей келіп, облыс әкімі Ерік Сұлтанов жалпы өңірлік өнімнің – 2,9%-ға, негізгі капиталдың – 8,7%-ға, Үкіметтің қолдауы арқасында өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 3,5%-ға, ауа райының қиын жағдайында ауыл шаруашылығы өндірісі 2,6%-ға өскендігін атап айтты.
– Әлемдегі экономикалық дағдарыстың алдын алуға байланысты шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа инвестициялар тарту, банк жүйесін сауықтыру сияқты елдегі өзекті мәселелерді шешуге ұлттық қордан 500 млрд. теңге бөлініп отыр. Осыдан бір ай бұрын Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерін жинап, бөлінген қаржыны тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта 400 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өндірістік үдерістердің тұрақтылығын сақтауымыз керек, – деді вице-премьер Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өңірде жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету, өндіріс нысандары мен жұмыс орындарын сақтау бойынша атқарылып жатқан шаралар жайында баяндады.
Кездесуде “ПАМЖЗ” АҚ-ның бас директоры Қуаныш Бишімов өндіріс орнының даму барысы, агро-өнеркәсіп кешені кәсіподақтары облыстық кеңесінің төрағасы Альфред Мавлютов әлеуметтік даму бойынша жасалып жатқан ұжымдық шарттардың тиімді жақтарын тілге тиек етті.
Кездесу соңында облыс әкімдігі мен ірі компаниялар және кәсіподақтар арасында жалпы сомасы 14 млрд. теңгені құрайтын үшжақты 8 меморандумға қол қойылды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.