Тегін кәсіптіктехникалық білім беру мақсатында 2017 жылы 84 мың грант бөлінеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
“Әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты міндеттерінің бірі халықты өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл, ең алдымен, өзін-өзі жұмыспен қамту проблемасын шешу. Қазіргі уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық саны 2,2 млн. адамды құрайды, олардың ішінде 60 пайыздан астамы ауылдарда тұрады және табыстары 60 мың теңгеден төмен. Төрттен бір бөлігі – жастар. Бүгінгі күні өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың бір бөлігі уақытша жұмыстармен күн көруге мәжбүр екені жасырын емес. Біздің міндетіміз – оларды өнімді жұмысқа тарту және олардың табысын ұлғайту”, – деп атап өтті министр.
Ведомство басшысының айтуынша, министрлік бұл міндетті шешудің екі жолын көріп отыр.
“Бірінші – кәсіптік біліктілігін арттыру және еңбекке жұмылуға ынталандыру арқылы өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Ол үшін 2017 жылдан бастап “Жалпыға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы іске қосылатын болады. Осы мақсатқа 7 млрд. теңге көзделді, оның ішінде 2 млрд. теңге – республикалық бюджеттен және 5 млрд. теңге жергілікті бюджеттерге жалпы сипаттағы трансферттерден қарастырылған. Бұл кәсіби мамандықтар бойынша гранттар санын 84 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді”, – деді ол.
“ҚазАқпарат”.