Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиын облыстық полиция департаментінің мемлекеттік қызметшілерінің ант қабылдау рәсімінен басталды. Мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар қызметтік міндеттеріне адал болуға ант берді.
Одан соң мерекелік іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев құқықтық тәртіпті сақтауда ерекшеленген қызметкерлерге облыс әкімінің марапаттарын табыс етті. Петропавл қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Руслан Сыздықовқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Ол қызмет атқарған жылдары бір мыңнан астам қылмыстың бетін ашқан.
Облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев жиналғандарды еліміздің басты мемлекеттік мерекесімен құттықтай отыра, солтүстікқазақстандық полицейлер алдағы уақытта да құқықтық тәртіпті сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өздерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарады деген сенімін білдірді.
Мерекеге орай 55 полиция қызметкері және ардагер марапатталды. Жеті офицер мен сержант мерзімінен бұрын және кезекті атақтарына ие болды. Тайынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Дәурен Ыбыраев «полиция подполковнигі» атағын мерзімінен бұрын алды. «Біздің жұмысымыздағы ең басты награда – басшылықтың артқан сенімі. Еңбектің осылайша жоғары бағалануы үшін барлық ұжымның күш-жігері қажет. Әріптестеріме жұмыста көрсеткен нәтижелері мен қолдаулары үшін алғыс айтқым келеді», – деді полиция подполковнигі атағын алған қызметкер.
Мерекелік бұйрықпен барлығы 85 полицей марапатталды. Мерекелік іс-шара облыстық полиция департаменті мәдени орталығының концертіне ұласты.