«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

90 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЙТАЛАНДЫ

Облыстық полиция департаментінің музейінде сақталған материалдарға сүйенсек, өткен ғасырдың 30-шы жылдарында тәртіп сақшылары дәл бүгінгідей инфекциялық ауруға қарсы күрескен екен. Бұдан 90 жыл бұрын халық арасында сүзек індеті кең таралған еді. Мәселен, 1933 жылдың 28 қарашасы күні сүзекке қарсы күрес бойынша іс-шаралар нәтижесінде санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 28 адамға қатысты хаттама толтырылған. Күн сайын милиция бастығы алдын алу бағытындағы іс-шаралар жөнінде қалалық кеңеске баяндап тұрған. «Сүзек ауруын анықтау және антисанитарияны жою мақсатында 150 үй тексерілді, 226 адам мәжбүрлі түрде моншаға жіберілді, 3 ауру адам анықталды, санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 14 хаттама толтырылды». Бұл – 1933 жылдың 25 қарашасындағы мәлімет. Сол кезде медицина және милиция қызметкерлері бірлесе жұмыс істеп, жаман ауруды жеңіп шыққан еді.

Ал қазір коронавирус инфекциясының таралуына орай тәртіп сақшыларына зор жүк артылған. Ауру жұқтырғандар анықталған жағдайда полиция қызметкерлері қарым-қатынас жасаған тұлғаларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарады. Учаскелік полиция инспекторлары коронавирус инфекциясының таралу ошағын күзетеді. Карантин жарияланғалы көшелер мен аулаларды патрульдеу күшейтілген. Күн сайын 600-ден астам полиция қызметкері, әскери институттың қызметшілері мен курсанттары кезекшілікке түседі. Мұның барлығы барлығы қауіпті індеттің таралып кетпеуіне бағытталған.
«16 наурыздан бері өңірде төтенше жағдай режимін бұзудың 500 дерегі анықталды. Облыста 13 санитарлық және 44 блокбекет қойылды. Орнатылған блокбекеттерде күн сайын құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 250 полиция қызметкері, сондай-ақ 150-ден астам ветеринария мамандары мен медицина қызметкерлері қызметке түседі», – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp