2014 жылғы 11 тамызда 17 сағат 32 минутта Тайынша ауданының төтенше жағдайлар бөліміне Тайынша қаласынан
700 метр қашықтықта орналасқан “BIOHIM” компаниясы” акционерлік қоғамы аумағындағы өндірістік цехтан сары түсті түтіннің шығып жатқаны туралы хабар келіп түсті.
Химиялық реагенттердің саны мен түрін анықтау мақсатында аталған нысанға Қазақстан Республикасының Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығынан мамандар келген болатын. Газ саралауғышпен ауаны тексергенде ферменттеу цехы аумағындағы ауа құрамында азот диоксиді мен оксиді бар екені анықталды. Ал нысанның қалған аумағында иіс сезілмеді. Тұрғындарға қауіп жоқ.
Аталған төтенше жағдайға орай әрекет жасау мақсатында кешенді шаралар жүргізілді. Сол күні кешке облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел тобы Тайынша қаласына барды. 12 тамызда таңертен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының кезектен тыс отырысы өткізілді. Белгіленген мерзімде нысандағы және оның айналасындағы концентрацияны өлшеу жүзеге асырылып, аудандық ішкі істер және өрт сөндіру бөлімдері қызметкерлерінің нысандағы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Сонымен бір мезгілде апатты жою жұмыстары да жалғастырылды. 12 тамыз күні 21 сағат 30 минутта резервуардан азот қышқылының шығуы тоқтатылды.
Нысанды бақылау жалғасуда.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.