Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдардағы танымал әндерді көздің қарашығындай сақтап, оны дамытып, келер ұрпаққа табыстау мақсатында қала орталығындағы мәдениет және демалыс саябағында “Как молоды мы были…” фестивалі өтті.
Күйбең тірліктің қамымен жүрген қала тұрғындарына, әсіресе, аға буын өкілдеріне, сонымен қатар, қала қонақтарына ерекше қуаныш сыйлап, жандарын жадыратқан кеш өте көңілді өтті. Алыста қалған сағым жылдарды, қайтып келмейтін уақытты әдемі иірім мен сазды дауыстың ырғағында жеткізген өнерпаздар әнсүйер қауымның құлақ құрышын қандыратын әндерді тарту етті.
Фестивальға барлық аудандардан және Петропавл қаласынан 34 әнші қатысты. Олар 70-80-інші жылдардағы ең танымал “Әдемі-ау”, “Лаванда”, “Қайықта”, “Наш город”, “Баянауыл вальсі”, “Ана туралы жыр” сияқты әндерді орындап, бүгінде аға буын өкілдеріне айналған жандардың еліктей ерке кездерін, оралмайтын жастық дәурендерін естеріне түсіртіп, жастардың зор ықыласы мен құрметіне бөленді. Сондай-ақ, Мағжан ақынның сезім сырын шерткен “Сен сұлу” әні көптің көңілінен шығып, жиналған қауымды бір серпілтті.
Кеш соңында барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.