«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫСТЫҢ ҚАҢСЫҒЫ – КЕЙ ЖАСТЫҢ ТАҢСЫҒЫ

Ата-ана өзінің ұрпағын ақылды, ұқыпты, адал, үлкенді құрметтейтін, әділ, ержүрек, ар-намысы мол болып өссін деп

армандайды. Және қолындағы қолғанатына ерекше күтіммен, үмітпен қарайды. Бүгінде арамызда сол үміттің жібін үзіп, аялаған ата-ананың жүрегіне қаяу салып, Батыстың қаңсығын таңсық қылып жүрген замандастарымыз бар, өкінішке қарай.

Батыстан келген ақпараттық тасқын, кері ағыс мәдениет біздің қоғамға өз залалын тигізе бастағалы қашан?! Сан ғасырлар мен жылдарға дес бермей, бабаларымыздан бізге жеткен құндылықтарды бір-бірлеп жалмап, жоғалтып барады. Біз – белге түскен бұрымын байыппен тарап, талғаммен өрген, шашбау тағып, ілтипатпен иілген алтын аналардың жүрегінің түгі бар, жауырыны қақпақтай, сөзі мен ісіне бекем, отбасы мен Отанының амандығы үшін атойлаған батыр бабалардың ұрпағымыз. Табиғаттың таза заңымен тыныстап, жүргеніміз, күлгеніміз, сөз саптап, байыппен сөйлегеніміздің өзі бір төбе. Аш қалсақ та, ардың отына жылынған біздер осы дара қасиеттерді бойымызға қаққан қазықтай бекіттік. Бүгінде сол қазығымыздың қопарылған жайы бар.

Жастар арасында көзге шыққан сүйелдей көрінетін, адам айтса нанғысыз жаңа бір мәдениетсымақтың түрі – “субмәдениет” пайда болды. Көшеде келе жатып немесе серуендеп жүргенде алдыңыздан бір түрлі, көзге оғаш, бір қарағанда түрпідей тиіп, тіпті, күлкің келетін жандарды жолықтырған боларсыз. Міне, осы мәдениеттің негізгі өкілдері солар. Олар өзгелерден бөлек жүру, ешкіммен араласпау, амандаспау керек деген қағидаларды ұстанады. Мәдениетті ортада ерекше көрініп, олардан тым жоғары тұрамыз деп шала бүлінеді. Сол үшін қалтасын біраз жұқартып, қоғамдық мәдениетсіздікке жол ашады.

Аз уақыттың ішінде бүкіл әлемді жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жаулап келе жатқан субмәдениеттің өзіндік тарихы бар. Оның қалыптасуына музыкалық топтар әсер еткен екен. 1980 жылдан бастап Америкада роктың жаңа бағыты – готик-рок өмірге келіп, нәтижесінде “готтар субмәдениеті” қалыптасты. Қара түсті киімдерді киюі, киімінде, денесінде металл бұйымдардың көптігі, бетіне бес батпан қап-қара бояу жағып, көздерінде, беттерінде қара түсті өрнек пен бейнелердің көп кездесуі рок жұлдыздарының ерекшелігі. Сондай-ақ, ең басты қолданыстағы атрибуттары – адамның бас сүйектері, жарқанат бейнелері. Олар суицидті, өмірге деген енжар көзқарасты насихаттағандай, үнемі психологиялық күйзелісте, ашумен жүреді. Ал эмо-топтар алқызыл түсті киімдер киетін көрінеді. Психолог мамандардың айтуына қарағанда, біздің қоғамымызда осындай үлгімен өмір сүретін жастарды бірнеше себептермен байланыстыруға болады. Біріншіден, бұл құбылыстың пайда болуын рухани тәрбиенің жоқтығынан деуге болады. Ата-ана қамқоры мен назары аздығынан жеткіншектер өздеріне ұқсас қызығушылықтары бар ортаны табуға тырысады. Солай бір-бірін тауып, бейформалды топ құрып алады. Осылайша өздерінде жоқ жан жылуын топтан іздейді.

Субмәдениет қоғамда маңызды рөл атқармаса да, оған деген жастардың қызығушылығы арта түсуде. Кейбір қазақ жастары беттерi мен құлақтарына, тiлдерi мен мұрындарына, қастарына түрлi темір-терсектерді iлiп алып, рок пен гот атануда.

… Алуаның субмәдениеттің ізіне түсіп, басыбайлы болып бара жатқанын анасы түгіл, өзі де байқамады. Тоғызыншы сыныпты жақсы бағамен бітірген Алуаны көшедегі өзімен қатарлас арудың сыртқы бейнесі қызықтырады. Бір мекеменің еденін жуып анасының азын-аулақ тапқан ақшасына қара түсті аяқкиім алудан бастады. Әдемі талғаммен алған аяқкиіміне қарап: “Жарасып тұр”, – деп мақтап қойды анасы. Әдетте, мейірімді ана әкесінің жоқтығына қамығып, мейір-махаббатына шөлдемесін деп, қызының бетін қақпайтын. Алуа кейін қара түсті жейделер мен шалбарлар сатып алды. Анасы үйде жоқта оң жақ құлақ қапталын шекеге дейін тақырлатып алып, тура төбені ұзын қылып, сол жақ бөлігін орташа ұзындықта, ал маңдай қапталды найзаның ұшындай тікірейтетін шаш үлгісін жасатты. Оны көмірдей қап-қара қылып бояп тастады. Он саусағының тырнағын сояудай өсіріп, бояп, сосын мұрны мен қасын, үстіңгі ернін тестірді. Үйге келісімен осылардың бәріне көңілі қуанып, сатып алған қара киімдерін киді. Айнаға қарап, өз-өзін тани алмай, тамсанып тұрғанда күлімсіреп анасы кіріп келгені ғой. Қызының алба-жұлба, ертегідегі мыстандай түріне қарап, қатты қорқып, есік алдындағы орындыққа отыра кетті. “Анашым, бұл – заманның талабы. Одан қалып қойсақ, біз ешқандай жетістікке жете алмаймыз”, – дейді Алуа. Мұндай масқараны бұрын кинодан ғана көрген байғұс шеше дәстүріміз мен салтымызға жат екенін шырпыр болып түсіндіріп жатты…

Өмірге сәби әкелген ана бір ғұламаға келіп: “Балам қырқынан шықты. Қай кезден бастап тәрбиелейін?” – деген сұрағына оқымыстының: “Қырық күн кешіккен екенсің”, – деп жауап қайтарғаны есіне түсіп, өкініп, ұзақ отырды анасы. “Осылар ешкімнен кем болмасын, адам болсын, оқысын, тоқысын деп, күні-түні жұмыс істеп, күнкөріс үшін тәрбиесіне де қарамай, қыздарымның қалай бойжеткенін де аңғармай қалдым”, – деп қызының бұл қылығына не заманды, не өзін кінәларын білмей, үнсіз қиналды.

Бұл үнсіздіктің астарында үлкен қауіп жатыр.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp