Газетіміздің (“Солтүстік Қазақстан” №87 17 шілде 2014 жыл) санында тілші Жадыра Есенгелдінің “Сенім мен серпін береді”
деген мақаласы жарияланған болатын. Өңірімізде серпін – 2050 “Мәңгілік Ел жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарлама аясында іске асқалы жатқан игі бастаманы қолдаушылар аз емес екен. Мақала жарық көргеннен кейін редакцияға өз пікірлерін жолдаған жастардың кейбірінің хаттарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Елбасымыздың тың идеясы біріншіден, еліміздегі демографиялық ахуал мен жұмыс көзінің тапшылығы сынды мәселелердің оңтайлы шешілуіне тікелей ықпал жасайды. Осындай игі бастамамен біздің өңірдің өндіріс орындарындағы кадрлар жетіспеушілігі бірте-бірте ретке келіп, шешімін табатыны сөзсіз. Сондай-ақ, университет қабырғасында адамның аздығына байланысты ашылмай қалатын топтар жаңадан құрылып, оқытушылардың да саны артып, жалақылары көбейеді. Бүгінгі таңда облыстағы ең өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің қолданыс аясы. Қазақ тілін еркін меңгерген талапкерлер кез келген салада мемлекеттік тілдің кең таралуына бір кісідей үлес қосады. Республика бойынша мемлекеттік тілде іс жүргізуде ең артта қалған біздің облыс алға шығады деп сеніммен айтамын. Әрі болашақта өңірдегі қазақ ұлтының санының артуына бірден-бір ықпал жасайды.
Ернияз РЫСКЕЛДІҰЛЫ,
облыстық тілдер басқармасының маманы.
* * *
Ғаламтор арқылы танысып, етене араласып, өмірдегі ең жақын адамыма айналған, Қызылорда облысында тұратын Сандуғаш есімді құрбым жақында қоңырау шалды. Әлденені айтуға асыққандай, амандаса салысымен:
– Мен Манаш Қозыбаев атындағы университетке оқуға түсетін болдым! – деп қуанышы қойнына сыймай айтқан сөздеріне не сенерімді, не сенбесімді білмедім. Әзілге біртабан жақын қыздың кезекті қалжыңы деп қабылдадым. Сәлден соң: “Қалай? Қалай?” деп кібіртіктей, сенімсіз қойған сауалыма: “Солай. Ұлттық бірыңғай тестілеуден аз балл жинасам да, жолым болып, тегін оқуға мүмкіндік туып тұр. Жатақхана жағы да қарастырылған. Барлық құжаттарымды қабылдау бөліміне тапсырдым. Енді нәтижесін күту қалды”, – деп телефонның арғы жағынан саңқылдаған танысымның әңгімесіне иланбасқа амал қалмады. Сонда да сенбеген сыңай танытып: “Жалған ақпаратқа сеніп, бос әрекет жасама” дегеніме, “Облыстық газеттеріңізде жарияланған “Сенім мен серпін береді” мақаласын оқыдың ба? Сонда бәрі жан-жақты жазылған, – деп сөйлегеніне жауап бере алмай, тұтқаны қойдым. Іле-шала алдымдағы компьютерімді іске қосып, газеттің сайтына кіріп, әлгі мақаланың толық нұсқасын оқып, бағдарламаның мақсат-мүддесімен жіті таныстым. Сол кезде ғана құрбымның әзілдемегеніне көзім жетті.
Міне, Сандуғаштың жол сөмкесін көтеріп, Қызылжарға келуін тағатсыздана күтіп жүрмін. Сөйлескен сайын солтүстіктің жаныңды сүліктей сорып алатын қытымыр қысына қатты алаңдайтынын айтады. Оқуға түссем, жақсы жетістіктерге жетіп, ата-анамның үкілі үмітін ақтап, білім нәрімен сусындатқан мұғалімдерімнің мақтанышына айналамын деген ізгі ойын да жасырмады.
Бұл мемлекеттік бағдарламаны білімге құштар әрі ынталы жастардың талабы мен қадамына жасалған қамқорлық деп түсіндім.
Гүлназ ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.