Қаламызда жаңадан бой көтеріп жатқан әлеуметтік-тұрмыстық нысандар жеткілікті. Сән-салтанаты жарасқан сондай ғимараттарды салумен жиырма жылдан бері айналысып келе жатқан іргелі кәсіпорындардың бірі – “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оны құрылысшы мамандығын жас кезінен көңілі қалаған, кезінде қаладағы есеп-экономикалық техникумын техник-құрылысшы ретінде тамамдап, осы жұмысқа ынта қоя жүріп, сәт-сәтімен көтерілген іскер азамат Сергей Тимофеев басқарады.
“Основание” ЖШС-нің негізі 1995 жылы қаланған. Ол алғашында өз жұмысын акционерлік қоғам ретінде бастап, 2004 жылдан жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып жалғастырған. Өткен ғасырдың 90-шы жылдардағы тоқыраудың тоқпағы бұларға да оңдырмай тиген. Сергелдеңге салған сол жылдардың ауыртпалығына ұжым қалай дегенмен мойымаған. Өтпелі кезең екенін түсінген, шыдаған, тығырықтан шығудың жолын іздеген. “Уақыт бәріне де емші” демекші, қалыптасқан жағдайдың бетін бері қаратуға ұмтылған ұжым бардан жоқ жасауға тырысып баққан. Айтқандай, қандай қиындықтарды бастан кешіруге тура келсе де, үміттері ақталған.
Еліміз еңсесін көтерген, төрт аяғынан тең басқан уақыт туды. 2005 жылдан бастап республикамыздың көлемінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де кең жол ашты. Тендерлерді бірінен соң бірін жеңіп ала білген кәсіпорын сол жылдары Пархоменко және Фрунзе, Абай және Батыр Баян көшелерінің қиылысында көппәтерлі үйлердің құрылыстарын жүргізді. Толық кешенді құрылыс базасы бар серіктестіктің жұмысы одан әрі де серпін ала түскен. Оның мысалына, Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында салынған 100 кереуеттік аурухана мен бір мезгілде 210 адам қабылдайтын емхананы, 2009 жылы пайдалануға берілген Мамлютка қаласындағы мемлекеттік тілде оқытатын 400 орындық, оған қоса 200 орындық жатын корпусы, спорт кешені бар мектеп-интернатты, қаладағы “Балдырған” балабақшасын қосуға болады. Айтқандай, Тайынша қаласындағы 280 орындық балабақша да осы серіктестіктің күшімен салынған. Ол 2012 жылы пайдалануға берілген. Жалпы, бүгінге дейін аталған ұжым онға жуық көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға берген.
– Қазіргі уақытта бірнеше маңызды саналатын нысандардың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Сондықтан жұмысымыз әр жерде қызу атқарылуда. Мәселен, Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында 250 адам қабылдайтын емхананың құрылысын өткен жылы бастаған болатынбыз. Ол жоспар бойынша желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс. Ал біз оны мерзімінен бұрын, қазан айында тапсырмақпыз. Қазір онда ішкі өңдеу және оның аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 70-80 адам тартылған. Қаладағы “Береке” шағынауданында 93 пәтерлік үйдің құрылысын бастап кеттік. Сондай-ақ, Мир және Шухов көшелерінің қиылысындағы 36 пәтерлік тұрғын үйдің 8-ші қабатының қабырғасы қалануда. Оны сәті түссе, желтоқсан айында пайдалануға бермекпіз. Кешікпей бұл үйде де ішкі өңдеу және сантехникалық жұмыстар қолға алынады, – дейді іскер басшы Сергей Тимофеев.
Әр жыл сайын бір тұрғын үйдің құрылысын салатын серіктестіктің құрыш қолды құрылысшылары жеке тапсырыс берушілердің де жұмыстарын атқарумен айналысады. Бүгінде К. Сүтішев және Театр көшелерінің қиылысында қонақүйдің іргетасы салынуда. Жыл он екі ай жұмыстарында тоқтау болмайтын ұжымда 350 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Серіктестік құрылысқа қажетті көп өнімдерді өздері шығарады. Олар – есік, терезелер, сөрелер, маңдайшалар, қабырғааралық блоктар, пенобетон, сәкілік тақтайлар, еденкемерлер, жақтаулар және тағы басқалары. Түрлі өнімдер дайындайтын цехтардың саны серіктестікте бірнешеу.
Сергей Петровичпен болған әңгіме барысында мынадай жайтқа да қанықтым. Ол қаламызда құрылыс индустриясының бірте-бірте дамып келе жатқандығына қатысты. Бұрынғы “Единство – Бірлік” ЖШС-нің орнына бүгінде темір-бетон өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорын пайда болған. Ол алғашқы күннен бастап өз жұмыстарын мықтап қолға алған. Соның нәтижесінде шығарылатын өнімдердің сапасы жақсы деген бағаға ие болуда. Қазір “Основание” сияқты құрылыс ұжымдары жабылғы плиталарды сырттан емес, осы кәсіпорыннан алады. Онда бүгінде жаңғырту жұмыстарын жүргізу жалғасын табуда. Тағы бір жақсылық хабар деп айтуға болатын жағдай, ол “Алаугаз” ЖШС-і құрылысын кешікпей пайдалануға беретін кірпіш зауыты. Онда жылына 5 миллион дана кірпіш өндірілмек.
Қаламыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан ұжымның басшысы Сергей Тимофеевтің іскерлігі емес пе, оның есімі әр кез жылы лебізбен аталады. Ол – облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де көпшілікке таныла білген жан. Мінезі кең, сабырлы да салмақты қалпынан танбайтын одан озаттардың есімін атауын өтінгенімде, “Бізде бәрі озат, нашар жұмыс істейтіндерді ұстамаймыз, сондықтан шетінен жаза беріңіз”, – деді. Иә, басшы ретінде ол әр кез жұмысшыларының еңбегінің бағаланғанын қалайды. Бағалай да біледі. Озаттарға келсек, бір-екі адамның есімін атамай кетпеуге болмайды, әрине. Сондай еңбегі әрдайым еленгендердің қатарында зейнет жасына шықса да сылақшылар бригадасына жетекшілік етіп жүрген Валентина Михальскаяны, учаске бастығы Николай Кимді, тас қалаушылар Дмитрий Мануилов пен Сергей Хряповтарды атауға болады. Ұйымшыл ұжымның басшысы Сергей Тимофеев те тиісті құрметтен құр алақан емес. Ол “Ерен еңбегі үшін” медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталған. Ол “Қазақстанның Құрметті құрылысшысы”.
Көзі қарақты оқырман аталмыш ұжымның өңір өміріндегі қолтаңбасы айшықты екенін аңғарған болар. Бүгінде ұжым қол жеткенді баянды ете отырып, жаңа биіктерден көріну үшін еңбек етуде.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.