«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРАЙСЫҢ, ЖАС МЕХАНИК!

Тайынша қаласында өмірге келген Асхат Алдоңғаров бүгінде “Қазақтелеком” акционерлік қоғамы аудандық филиалында алтыншы жыл табан аудармай механик болып жұмыс істеп келеді. Ол жақында өңіріміздегі жас жұмысшылардың арасында өткізілген облыстық “Еңбек адамы” байқауына қатысып, “Үздік механик” аталымы бойынша бас бәйгені қанжығасына байлады.

№1 Тайынша орта мектебінің тоғызыншы сыныбын бітіріп, кейін №15 Тайынша кәсіптік лицейінің ауыл шаруашылығы бөлімін тамамдаған Асхат еңбек жолын 2008 жылы аталмыш мекемеде бастайды.  

– Механик болу бала күнгі арманым болатын. Бұзылған немесе істен шыққан заттарды жөндеп, қалпына келтіруге әуестеніп жүріп, мақсатыма қол жеткіздім. Жұмысқа орналасқан алғашқы жылдарда тәжірибемнің аздығынан біраз қиындықтарға кездескенім де рас. Уақыт өте келе бірге жұмыс істейтін әріптестерімнен көп нәрсе үйреніп, өз кәсібіме әбден машықтанып алдым. Ұжым да ұнайды. Түсінбегенімді үйретіп, білмегенімді бүге-шігесіне дейін айтып береді. Жалақым да жақсы, – деп өз жұмысын бар ықыласымен орындайтын Асхат жұмысшы мамандардың болашағы зор екендігін айтты. Бүгінгі жастардың көбінің жылы кеңседе, жайлы орындықта отырып істейтін заңгер, қаржыгер сынды салаларда жүруді қалайтынын, алайда ондай бақыт екінің біріне бұйыра бермейтінін айтқан жас механик кәсіпкер, банкир не болмаса қарапайым құрылысшы болсын, әркім өз саласының білгір маманы болса, сонда ғана қыруар жетістікке жетіп, жеңіс тұғырын бағындыратынын, сондай-ақ, еліміздің өркендеуіне қанатымен су сепкен қарлығаштай атсалысатынын жеткізді. Құрыш қолдардың қайратымен, жастық жігердің айбатымен жасалған жұмыс қадірлі, ал оның наны тәтті екенін түсінген Асхат өз ісіне мығым. Сөзге сараңдау, біртоға жан балақ түріп, әрекет еткен жастың да, жасамыстың да есігінен бақыт-байлықтың енетініне өте сенімді.

Өз ісінің шебері атанған Асхаттың ендігі жоспары – Алматы энергетика және байланыс университетіне оқуға түсіп, білімін тереңдету.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp