
Облыс орталығында ауыл шаруашылығы жылының қорытындысына, сондай-ақ, тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов агроқұрылым қызметкерлерін қос мейраммен құттықтап, еңбегімен ерекшеленген бірқатар тың игерушілер мен жер баптаған шаруаларды марапаттады.
Диқандар қауымы биыл 4 миллион гектарға жуық алқапқа дәнді дақылдар сепкен болатын. Астық шығымдылығы жоғары болды, алайда, оны дер кезінде жинап алуға тосын табиғат оң қабақ танытпады. Десе де, шаруалар қауымы қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, ырыс дәнінің – 97, майлы дақылдардың 74 пайызын қамбаға құйды.
– Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің басты астықты аймағы екендігін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткен болатын. Оны өңір диқандары бірнеше жыл қатарынан рекордтық көрсеткіштермен дәлелдеп келеді. Биыл да сол межеден көрінуді мақсат еттік. Бірақ адам баласы табиғатқа билік жүргізе алмайды. Соған қарамастан, дәнді дақылдардың басым бөлігін жинап алдық. Ол – сіздердің еңбектеріңіз, – деді жиынды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Облысымыз бойынша биылғы орақта Ғ. Мүсірепов атындағы аудан диқандары – 915000, тайыншалықтар – 726000, жұмабаевтықтар – 657000, айыртаулықтар 513 мың тонна астық жинап, көш бастады.
Ал астық шығымдылығы жөнінен “Зенченко және К”, “Егінші”, “Ермек Агро Север”, “Поляковское”, “Тұқым” серіктестіктері үздіктер қатарынан көрінді. Олардағы гектар берекесінің ең жоғары көрсеткіштері – 31,8, ең төменгісі 29 центнерді құрады. Бұл реттегі облыстық орташа шығымдылық 15,5 центнер болды.
Мұның барлығы жер өңдеуде жаңа технологияларды енгізу, тыңайтқыштарды кеңінен пайдалану және машина-трактор паркін заманауи қуаттылығы жоғары техникамен толықтыру арқасында мүмкін болып отыр. Ал соның бәрі мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылды. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа ел қазынасынан жұмсалған қаражат көлемі 64 миллиард теңгені құрады. Осының арқасында қазіргі күні еліміз бойынша егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Одан солтүстікқазақстандықтар да шет қалып отырған жоқ.
– Қазіргі күні облысымызда 9 мың бас ірі қараға арналған 10 бордақылау алаңы мен 31 асылтұқымды репродуктор шаруашылық жұмыс істеуде. Етті және сүтті бағыттағы мал өсіруде “Зенченко және К”, “Алабота” асылтұқымды мал зауыты”, “Тайынша Астық”, “Возвышенка-СК” серіктестіктері көш бастап тұр. Ал олардан алынатын өнімдерді өндіруде “Зенченко және К”, “Сүт одағы”, “Фрегат”, “Казмясопродукт”, “СБИ Агро” кәсіпорындарының тауар белгілері тек еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де кеңінен танымал. Қол жеткізген жетістіктер алдағы жылдарда да еселене бермек, – деді Ерік Хамзаұлы.
Өткенге көз жүгіртсек, аграрлық саланы дамыту жұмыстарының барлығы тың игеруден бастау алады. Биыл оған – 60 жыл.
– Тың игеру жиырмасыншы ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық бағыттағы ауқымды жоба екендігін Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткен болатын. Себебі, осы аралықта еліміздің бірқатар өңірлерінің экономикасы нығайып, әлеуеті артты. Олардың қатарында біздің өңіріміз де бар. Тек 1954 пен 1960 жылдар аралығында біздің облысымызда 1,3 миллион гектар тың жерлер игерілді. Тың игерушілердің біразы облысымызда тұрақтап, осы жерде өсіп-өніп, тамыр жайды. Аграрлық саланың бүгінгі жетістіктері осы жандардың арқасы, – деп қорытындылады өз сөзін облыс әкімі.
Бұдан соң тың игеруге қосқан сүбелі үлестері үшін бірқатар аға буын өкілдері өңір басшысының қолынан Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар алды. Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында төрт солтүстікқазақстандық – Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Еңбек ардагері” медалімен, бес адам – “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен,19 адам аталмыш министрліктің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, Ерік Сұлтанов тағы 25 адамға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті. Марапатқа ие болғандардың барлығы да – еңбегімен ерекшеленген жандар.
Осы күні өңіріміздегі 13 ауданның ветеринарлық қызмет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов олардың әрқайсысына арнайы қондырғы орнатылған ветеринарлық көліктердің кілтін табыстады.
Салтанатты шара көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.