Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында алдағы уақытта да кездесетін қиыншылықтарға қарамастан, тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ететін бағыт сенімді түрде ұсталатынын нақты түрде білдірді.
Осынау маңызды құжатта тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бұл орайда пайдалануға берілетін тұрғын үйлердегі баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік беретіндігі айтылған. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыз баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түсетіндігі қуантады. Осы мақсатта алдағы бір-екі жылда жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 160 миллиард теңгеге ұлғайту көзделіп отыр.
Мұның өзі біздің қаламызда 513 пәтердің орнына 747 пәтерді пайдалануға беруге, яғни оның көлемін бір жарым есе арттыруға мүмкіндік тудыратынын жуырда өткен облыс активінің отырысында өңір басшысы Ерік Сұлтанов атап өтті. Қазіргі уақытта пәтер кезегінде 14 мың адам тұрса, соның 10 мыңы – Петропавл қаласының тұрғындары.
Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына орай алдағы жылдарда да тиісті істер тындырыла беретіндігіне тоқтала кеткен жөн. Бағдарлама бастау алған 2011 жылдан 2014 жылға дейін қаламызда көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген қаражаттың көлемі 2,1 миллиард теңгені құрайды. Сөйтіп, 2011 жылы 46 тұрғын үй жөнделсе, 2012 жылы 49 тұрғын үйге қажетті жөндеу жұмыстары жасалды. 2013 жылға келсек, республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегеннің өзінде, қайтарма қаржы есебінен 2 үй жөндеуден өтті. Ал 2014 жылы 777,1 миллион теңге осы мақсатқа бөлініп, 45 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде келісім жасалды. Бұл орайда қала тұрғындарының тұрғын үй жайлылығын жақсарта түсуге байланысты атқарылатын жұмыс жалғасын таба бермек деп сеніммен айтуға болады.
Дәулет ҚАЛИАСҚАРОВ,
Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы
бөлімінің жетекшісі.