Қазақы тәрбиені тал бойына сіңірген әр адам оң-солын танып, жасы жеткенде шаңырақ көтеріп, ұлтының болашағына бағдар жасап, аяулы ана, ардақты әке, қамқор жар атанайын деп үйленеді. Әркім өмірлік серігінің сұлулығы мен сымбатына, ақыл-парасатына, тегі мен тәрбиесіне баса назар аударады. Арадағы қылдай нәзік махаббат отау құрып, балалы болғаннан соң беки түсіп, үлкен қорғанға айналады. Ал бүгінгі қоғамда белең алған жалған неке отбасын құрудың оңай жолы секілді. Бір қызығы, Қазақстан Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Кодексінде азаматтық неке туралы ешқандай түсініктеме берілмеген. Сол себепті заң өкілдері мұны әзірге “бейресми некелесу” деп қабылдаса, ал жастар арасында “еркін неке” деген тіркестер қолданылып жүр.
Азаматтық неке ұғымы ең алғаш 1580 жылы Нидерландыда пайда болған. Кейін 1791 жылы – Францияға, 1836 жылы – Англияға, 1875 жылы – Германияға, 1917 жылы Ресейге тараған. Енді, міне, біздің елімізде де, әсіресе, жастар арасында кең етек жайып келеді. Қазір ешқандай мемлекеттік органның тіркеуінен өтпей, бір шаңырақтың астында тұрып, балалы болып жатқандарды көріп, таңғалмайтын да болдық.
Мамандардың есептеуінше, азаматтық некеде өмір сүрген жастардың 80 пайызы кейін бір-бірімен жараспай, айрылысады екен. Тек бестен бірінің дәм-тұзы жарасып, ерлі-зайыпты атанатын көрінеді. Азаматтық некені былай қойғанда, екі жақтың келісімімен, мемлекеттік тіркеуден өткен, бүкіл болашағымен байланысты заңды некенің өзіне жастардың басым көпшілігі жүрдім-бардым қарайды.
Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр айларында 1274 неке тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,3% кем. Ал 822 ажырасу фактісі бұрнағы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 4,3% артқанын көрсетіп отыр. Петропавл қаласының өзінде 590 жұп заң жүзінде АХАЖ бөлімінде тіркелсе, ажырасқандардың саны – 407. Ал бірге тұрып, кейін көңілі қаламай, бір-бірінен сырт айналып, ортаға бейкүнә баланы қалдырып жүргендердің саны қаншама? Ол жағы белгісіз бізге.
Ер-азаматқа отбасының берекелі өмір сүруі, оларды асырау сынды міндеттер жүктелсе, ұл-қыздың тәрбиесіне көңіл бөліп, үй шаруашылығымен айналысу – әйелдің міндеті. Азаматтық некеде мұндай жауапкершілік атымен жоқ. Олар бір шаңырақтың астында есеппен өмір сүреді. Бір-бірінің ойынан шықпай жатса: “Біз бір-бірімізге сай емес екенбіз, мен іздеген адам басқа екен”, – деп киім-кешегін жинап, кете барады. Тағы да көңілі жарасқан жанмен жалған некеде бірге тұрады. Уақыт өтіп, балалы болады. Оны асырау, киіндіру, жарының жағдайын жасау сияқты тірліктің түйткілдерінен шаршап кетсе, міндетін ұмытып, жауапкершіліктен жалтарады. Көз жасын көлдетіп, шырылдаған бала, оң жақта отырып, балалы болды деген абыройсыз атақ арқалап әйел қалады. Олар қиналғанда қорғаныш болатын заң қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Бірақ ешқандай құжатсыз белгілі жәрдемге ие болу қиындық тудырады. Әйтеуір, баласы үшін итшілеп жүріп жұмыс істейді. Алдынан жарқын күндері жолығып, тұрмысқа шығады. Сүйгені жақсы болса, некесіз баласына әке болар-ау, ал жаман болса… Бәрінен қиыны сол ғой. Міне, қаншама нәзік жандардың тағдыры осылайша аяқасты болып жатыр.
Осындай сәтсіз некенің құрбанына айналған Гүлзат қазір кішкентай ұлымен және анасымен бірге көпқабатты үйлердегі пәтерлердің бірін жалдап тұрады. Осыдан үш жыл бұрын қаладағы бір сауда орталығында есепші болып істейтін жас қызға палуан денелі, сырт мүсіні мен бет-әлпеті жарасқан бір жігіт келеді. Гүлзат алғаш көргеннен сезімді ақылына жеңдіре алмай, көзі де, сөзі де түзу боп көрінген жігіттің арбауына түсіп қалғанын өзі де байқамайды. Сөйтіп, екеуі оңаша пәтер жалдап, бірге тұра бастайды. Уақыт өте келе арада түсініспеушілік пайда болады. Соңы ұрыс-жанжалға ұласады. Гүлзат некеге тұруды талап етеді. Жігіт болса, керексіз қоқыстай жан даусына құлақ аспаған күйі тастап кетеді. Құрсағындағы үш айлық баланы көтеріп, тағдырының орынсыз тартуына кімді кінәларын білмей, еңіреп жалғыз қалады. Баланы алдыруға жүрегі бармаған Гүлзат шалғай ауылдағы анасына, ағасы мен жеңгесіне жағдайды амалсыз түсіндіреді. Ана жүрегі баласы үшін не істемейді? Қызының мұндай бақытсыздыққа душар болғанын естіген шеше байғұс құстай ұшып, қызына жетеді. Аман-есен босанып, өмірге шекесі торсықтай ұл әкеледі. “Баламның бал тілі шығып келеді. Ара-тұра “папа” дегенін естіп, жүрегім зу етеді. Ертең ержетіп, әкесін сұрағанда не деп жауап беремін? Менің қателігімнен жастар сабақ алса екен. Азаматтық некенің абырой әпермейтінін ойнақтап, от баспай жатып түсінсе, дейді Гүлзат. Гүлзаттай қолымен жасағанын мойнымен көтеретін батыл қыздар саусақпен санарлық. Жазмыштың соққысын қайсарлықпен қабылдай алмағандар сәбилерін сенделтіп, жетімдер үйіне өткізеді, өздері оңай өмір сүрудің жолын іздейді. Ал қаншама сәби жарық дүниені көрместен, құрсақ ішінде тұншығып өліп жатыр. Осы тұста азаматтық некенің дәмін татқан жандарды әңгімеге тартқан едік.
Айгүл, 27 жаста:
– Өзім сүйген 30 жастағы жігітпен отбасын құруға келістім. Бірақ ол бір жыл азаматтық некеде тұруымызды қалады. Қаладағы шағын пәтердің бірін жалдап, бірге өмір сүрдік. Алғашында әлемде менен асқан бақытты жан жоқ болатын. Күнде құшақ-құшақ гүлдер, еркелету мен тәтті сөздер махаббатымды күн сайын асырып жатты. Арада бір жыл өткенде заңсыз күйеуімнің мінезі өзгере бастады. Жұмыстан түннің жарымында “ащы суға” тойып келіп, себепсіз қол көтеруді шығарды. Әлгі бақытты кездерім әп-сәтте қайғы мен мұңға айналды. Бүгін ішіп келіп, сабамаса екен деп алаңдайтынды шығардым. Бір күні қатты мас күйінде ұрып, доптай қуалап, теуіп, үйден қуып жіберді. Сол кеткеннен оралмадым. Арада жыл өткен соң қаладағы бір сауда нүктесінде көріп қалдым. Кезінде мен ғашық болған сымбатты, реңді қалпында. Жанында жас, әдемі сұлу бар. Әлгі ақжүрегі бетінен көрінген уыздай қызға қарап, алдап, арам ойына пайдаланып, кейін жансыз қуыршақтай, керексіз шүберектей лақтыра салған пасықтықтың құрбанына айналмаса, дедім іштей.
Толқын, 23 жаста:
– Өзімнен он жас үлкен жігітпен әкем алып берген жеке пәтерде бір жыл бірге тұрдым. Бірақ ата-анама құрбыларымды жаныма алдым деп жалған айттым. Мен оны күйеуім деп сендім. Отағасы деп абыройын үнемі биік көтердім, сыйладым. Тамақты онсыз үстелге қоймайтынмын, кейде түнделетіп күтіп отыратынмын. Ол саудамен айналысатын. Бір қызығы, осы уақытқа дейін қандай сауда екенін білмеппін. Қазбалап сұрағаныма қашқақтап жауап беретін. Сосын жұмысы жайында айтуды қойдым. Әйтеуір, таңертең кеткеннен үйге кешке келетін. Мен де өз орнымда, Интернет орталығында жұмыс істеп жүрдім. Менің жуастығымды пайдаланып, саудасын сылтауратып, алтын бұйымдарымды сыпырып алып кетті. Алдымда жыламсырап ойнаған өтірік рөліне сеніп, қиналып, саудасы болмай жүр-ау деп бар тапқанымды да қолына ұстата салдым. Сол күні өмірлік серігім деп сенгенсымағым үйге келмеді. Хабарластым, іздедім, еш жерден таппадым. Міне, үш жыл сол пәтерде жалғызбын. Сөз салып жүрген жігіттер бар. Жасым келсе де, шыны керек, тұрмысқа шығуға қорқамын. Бір рет бетім қайтқаннан кейін ойланып, ата-анаммен кеңесіп, шешім қабылдағым келеді.
Зарина, 19 жаста:
– Ол кезде ауылдағы мектепті енді бітіріп, университеттің ақылы бөліміне қабылданған едім. Аялдамада автобус күтіп тұрған менің жаныма қымбат машина мінген бір жігіт тоқтады. “Қайда барасыз? Жеткізіп салайын”, – деді орысша. Аңғалдығым шығар, әдетте анамның таксиге жалғыз отырма дегені есімнен шығып, бейтаныс жігіттің көлігіне жайғастым. Өзі ашық екен. Қайдан екенімді, қайда оқитынымды, қайда тұратынымды тізбектеп сұрады. Мен де ауылдағы танысымдай көріп, бүкпесіз бәрін ақтарылып айттым. Телефон нөмірімді де алды. Бір ай хабарласып, бір-бірімізді жақын тани бастадық. Соңы махаббатқа ұласты. Мен оны жақсы көріп қалдым. “Заңды үйленеміз. Тойымызды дүркіретіп өткіземіз”, – деп сендірді алғашында. Содан шығар, бірге тұруға қарсылықсыз келісім бердім. Өздері әрең отырған ата-анамнан ақша сұрауды қойдым. Кейде жіберген азық-түлікті қайтарып жіберетінмін. Әлгі жалған “күйеуім” оқуымның ақшасын да төледі. Бар керегімді алып берді. Жегенім алдымда, жемегенім артымда болды. Бірақ мұның бәрі уақытша екенін кім білген? Бір жыл өтпей, көз жасымды сорғалатып, тастап кетті.
Қазір оқуымның ақшасын төлеу үшін қаладағы дәмхананың бірінде даяшы болып жұмыс істеймін. Бәрінен жалған сенімнің жетегінде, ойнақтап жүріп от басқан өзімді, болашағымнан үлкен үміт күткен ата-анамды ойлап қиналамын. Жастар, әке-шешенің дегеніне құлақ асыңдар, олар – өмірдің ыстығы мен суығын көрген жандар. Сондықтан да бір нәрсе істемес бұрын ақылдасыңдар. Олардың ақ үмітін жаман қылықтарымызбен кірлетпейік.
Психологтердің пікірінше, азаматтық некедегі нәзік жандар көбінесе “күйеуім” бар деп сенеді, ал ер адамдар “көңілдесім” деп қарайды екен. Мұны кейіпкерлеріміздің әңгімелерінен аңғаруға болады.
Алда екі жол бар. Бірі – ата-анаңды қуанышқа кенелтіп, абыроймен адал, ақ некенің табалдырығын аттап, өмірлік серігіңнің сенімді, дүниеде ешкімге тең келмейтін жанашыр жұбы атану. Екіншісі – уақытша сезімнің жетегіне еріп, жалған некенің табалдырығын аттап, өмірдегі ең аяулы жандардың тілегін аяқасты етіп, үйленеміз деген үміттің елесін арқалап жүріп, күдікпен, сенімсіздікпен, күйзеліспен өмір сүру.
Жұлдыз ІЛЕБАЕВА,
журналист.