«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕПУТАТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына биыл – 20 жыл. Осыған орай өңіріміздегі халық қалаулыларының басын қосқан алқалы жиын өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов, Омбы облысының Заң шығарушы жиналысы төрағасынының орынбасары Владимир Виноградов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Біләлов қатысты. Шарада еңбегімен ерекшеленген бірқатар депутаттар “Нұр Отан” партиясы орталық аппаратының, Ауыл шаруашылығы мен Мәдениет және ақпарат министрліктерінің төсбелгілерімен, Мәжіліс пен Сенаттың Құрмет грамоталарымен, мерейтойлық медальдармен марапатталды.

– Мемлекеттік билік жүйесінде мәслихаттардың орны ерекше. Халық қалаулылары алғашқы сессиядан бастап, облыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсене араласты. Соның арқасында 20 жыл ішінде талай іс тындырдыңыздар. Бүгінде алдымызда тұрған міндет – Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясында көрсетілген басым бағыттарды іске асыру. Осы бағытта жергілікті атқарушы билік сіздермен бірлесіп, халықтың мүддесі үшін әлі де талай биіктерді бағындыратынын айтқым келеді, – деді салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Бұдан соң өңір басшысы 25 адамды арнайы марапатқа бөледі. Олардың үшеуі “Нұр Отан” партиясы орталық аппаратының Құрмет және Алғыс хатын иеленсе, тағы сонша адам ҚР “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі”, ҚР “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен, 19 адам “ҚР мәслихаттарына 20 жыл” мерейтойлық медальдарын иеленді.

Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өз міндеттерін тиісті деңгейде орындады және орындауда деп айтуға толық негіз бар. Оған заман ағымынан қалмай дамып келе жатқан бұқараның бүгінгі тыныс-тіршілігі дәлел.

– 20 жыл аз уақыт емес. Осы аралықта облысымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші өсіп, ауыз толтырып айтар жетістіктерге жетті. Оған жергілікті мәслихат депутаттарының қосқан үлестері аз емес. Бүгінде мәслихат депутаттарының денін өз ісін дөңгелеткен кәсіпкерлер құрап отыр. Олар қара бастарының ғана қамын күйттемей, керісінше өз сайлаушыларының сенімін ақтап, өз округтерінің даму жолында аянбай еңбек етуде. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынына сенім мол, – деді жиында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Біләлов.

Бұдан соң Серік Сұлтанғазыұлы Парламент Спикерінің атынан үш адамды – Сенат, тағы төрт адамды Мәжілістің Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Салтанатты шараға мейман ретінде қатысқан ресейлік Владимир Виноградов залға жиналғандарды мәслихаттардың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, Омбы облысының Заң шығарушы жиналысы төрағасының құттықтау хатын оқып берді. Онда көршілес облыстар арасындағы достық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени қарым-қатынастың оң жолға қойылғандығы, саяси тұрғыда да нық орнаған әріптестік деңгейі одан әрі де арта беретіндігі жазылған.

Алқалы жиын барысында марапатқа ие болған халық қалаулылары өз ойларын ортаға салып, елі мен халқының мүддесі жолында аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді. Ал жергілікті көркемөнерпаздар мерейтой иелеріне ән мен күйден шашу шашты.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp