Петропавлдағы Достық үйінде өңіріміздің шығармашыл жастары арасында “Жастар бірлігі – ел тірегі” атты облыстық фестиваль өтіп, жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.
Ел Тәуелсіздігінің 23 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға қатысуға хореографиялық, вокалдық, музыкалық жобалар бойынша жүзге жуық талапкер өтініш білдіріп, нәтижесінде сегіз аталым бойынша “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” шыққандар анықталды.
Жиында сөз алған Анархан Дүйсенова аталмыш өнер байқауының облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасымен жүзеге асырылғанын айтып:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында: “Жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әр кез айтып келемін. Мемлекет жастардың алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! Міне, “Нұрлы Жолда” біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!” – деп жастарға үлкен сенім артты. Біздің өңіріміз түрлі салада жетістікке жетіп жүрген жастарға кенде емес, – дей келе, “Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің бесігі” атты сурет байқауында бас жүлдеге ие болған “Бірлік” этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшесі Станислав Кузьминді марапаттады.
“Мәңгілік Ел – біздің жарқын болашағымыз” атты эссе сайысында көркем ой, кестелі сөздерімен Виктория Кочешкова топ жарды.
“Өз ісіне адалдығы” аталымында көзге түскен төрт өренді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов құттықтап, дипломдар мен сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді оқытуда, этносаралық қарым-қатынасты нығайтуда және өзге этнос өкілдерінің салт-дәстүрлерін насихаттап, оны ғылыми зерттеуде белсенділік танытқандар да лайықты марапаттарға ие болды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.