«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ ТАРЛАНДАРЫ

Өмірден көргені мен түйгені, тәжірибесі мен тағылымы мол тайыншалық қос қарияның өмірдің ыстық-суығын бірге бөлісіп, ел игілігі үшін тер төккеніне жарты ғасырдан астам уақыт өткен екен.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Нұрлан ақсақал бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов ауданына қарасты Талдыкөл ауылында дүниеге келген екен. Балалық шағын сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келтірген тағдырға шара бар ма?! Ауылдағы ер-азаматтар соғысқа кеткендіктен, еңбекке ерте араласқан бала Нұрлан 10 жасында өгізге соқа жегіп, жер жыртып, шөп шауып, Ұлы Жеңістің жақындауына үлесін қосады. Ержеткен соң әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын Латвияның Рига қаласында өтейді. Ал әскерден оралған соң жас жауынгер бірден білек түріп, Чкалов ауданына қарасты бірнеше шаруашылыққа астық қоймаларын салуға көмек көрсетеді. Тыңайған жерлерді игергеннен кейін астық бітік шыққан сол жылдары астық қоймаларына деген сұраныс арта түскен болатын. Бұрынғы Чкалов пен Ленинград аудандарының шектескен жерінде қиыршық тастың мол көзі табылып, жерасты тастарын қопарғаны да қарттың есінде. Осы ауданның Ясная Поляна және Золоторунное елді мекендерінде астық қоймасын салуға септесіп, жерасты тастарын жалғыз өзі қопарған кездері болғанды. Сол тастардан өз қолымен салған ғимараттар әлі тұр.  

Еңбекпен тапқан нанның дәмі ерекше. Ұзақ жылдар “Чкалов” кеңшарында, Талдыкөл ауылындағы білім ошағында жұмыс істеген еңбек адамы сол еңбектің зейнетін көрер шаққа жеткенін байқамай қалыпты.

Еңбекпен есейген Шәрия әжеміз де 14 жасында трактор айдап, ауыл шаруашылығында дала жұмыстарына белсене қатысқан екен. Кеудесінде жарқыраған “Тыңға – 50 жыл” мерекелік медалі де ерен еңбектің дәлелі. Бүгінде бес баласынан өрбіген 12 немере, 3 шөберенің қызығына кенеліп отырғанын айтқан Шәрия апа: “Балапандарымыз ешкімнен кем болмаса екен деп тынымсыз еңбек еттік. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, оларды шамамыз келгенше еңбекке баулыдық. Үлкенді сыйлап, кішіні бауырға баса білу керектігін айттық. Енді олар өз ұрпақтарына ата-анадан алған тәлім-тәрбиесін үйретуде. Аллаға тәубе, осындай ұрпақтарымыз барда біз өзімізді бақытты сезінеміз”, – дейді ерекше шаттанып.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp