Бүгінде біздің Еңбек ауылында соғыс ардагері жоқ, ал еңбек ардагерлері саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – Мәжкен Мейрамова. Оның жұбайы бүгінде бақилық болған Дайыржан Мейрамов атамыз қолына қару алып, ел қорғаған жауынгер болса, Мәжкен әжеміз – тылда аянбай еңбек еткен ардагер ана. 13 жасынан еңбекке араласқан оның сол жылдардағы еңбек майданы туралы айтар әңгімесі көп. Мәжкен апамыз өткен өмірін еске алып, жастық шағын әңгімелеген кезде сөздің майын тамызатын кейуанамен бірге өзің де тарих қойнауына саяхат жасағандай боласың.
– Иә, сол кездегі еңбек еткен әйелдердің бастан өткерген тауқыметі майдан шебіндегі жауынгерлердікінен кем болған жоқ. Ер-азаматтардың орнын жоқтатпай, ат пен өгізге жегілген соқамен жер жырттық. Оқу бітірмей, тракторға отырып, оны жүргізуді қолма-қол үйреніп алдық. Ол кездегі тракторлардың сапасы да шамалы еді, құйған суымыз бір сағатқа жетпей қайнап жататын. Сондықтан иін ағашпен күн демей, түн демей трактор соңында жүріп, шелектеп су таситынбыз. Тазаланған астықты жинау, Отан қоймасына құюдың да машақаты аз емес еді. Техника жетпей, түнделетіп астық орған да кезіміз болды. Сонда 4 жас қыз бірге жұмыс істейтінбіз. Олар мен, Мәрия, Балқия, Кәкәу деген замандастарым болатын. Шаршағанымызды ескеретін уақыт жоқ. Таң атқаннан қас қарайғанша дейін егіс басында жүреміз. Арамыздағы қарулымыз Кәкәу болатын. Ол дән салынған шелекті веялкаға төккен кезде бір қолмен аудара салатын еді марқұм. Біз: “веялканы аударып тастайсың”, – деп шулайтынбыз. Біздің сондағы мақсатымыз – адал еңбек етіп, Отанымыздың қорғаныс қуатын арттыру, Жеңіс күнін жақындату болатын. Демалыс алу дегенді білмейміз. Жекеменшік малымыздан алынған етті, сүтті, майды, жүнді және жұмыртқаны өз аузымыздан жырып, мемлекетке өткіземіз. Өзімізге жетпей жатқанына қарамай, майданға жылы киімдер жібереміз. Әйтеуір, сол еңбегіміз зая кетпеді. Біз жеңдік. Біз қуандық. Бұл күнде соғыс ардагерлеріне деген қамқорлық жақсарды. 9 мамыр қарсаңында олар ерекше құрметке бөленеді. Ал тылда еңбек еткен әйелдердің назардан тыс қалып жатқаны өкінішті, – дейді Мәжкен кейуана.
Байқап қарасақ, соғыс жылдары еңбек еткен апаларымыздың бұл күнде ең жасы тоқсанға таяды. Олардың өзі саусақпен санарлық. Отанды қорғау үшін жанқиярлықпен еңбек еткен әйелдер қауымына тиісті құрмет көрсетсек, ерлікке парапар еңбектерін жастарға үлгі етсек деймін.
Марина ВЕНИНГ.
Шал ақын ауданы.