«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІКТЕН ТАУЫП БЕРЕКЕ

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары – еліміздегі ең елеулі оқиға ретінде көпке дейін көңілімізден шықпай, алға қадам бастыратын басты құжат болып табылады.

Биыл да Елбасымыз ел тұрғындарына жаңа Жолдауын арнады. Бұл аса маңызды бағдарлама күнібұрын қабылданды. Оның мәнісіне Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта “Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда” деп түсініктеме берді.

Айтса айтқандай, Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикасын қиындықтардың шырмауына түсірмеудің амалдарын алдын ала қарастырып, Үкіметке нақты жолдарды көрсете отырып, оларды айналып өтудің бағыттарын нұсқап берді.

Елбасы әуелден әлеуметтік қауіпсіздіктің тұрақтылықтың ең басты кепілі екенін зердемізге құйып келеді. Оған дамыған, тірегі мықты экономика қол жеткізетіні “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында баян етілгенді.

Биылғы Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев алдымызда тұрған ең басты жеті бағытты атап көрсетті. Жеті ағайын сынды бұл бағыттар бір-бірінен айырғысыз, көтерер жүгі нығыз, бүгінгі таңда халқымызға ең қажетті мәселелерді топтастырып тұрғанын айырып, пайымдамау мүмкін емес. Осының ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да айрықша назар аударылып отыр.

Бұл, ең алдымен, апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешуді көздейтіні айтылған. Ғылымның экономиканың салаларымен байланысын нығайту қажеттігіне де тоқталған.

Мен – мәдениет саласының қызметкерімін. Ежелден қалыптасқан қағидат іспетті, біздің саланың қызметі азаматтардың рухани байлығын қалыптастыруы керек. Мысалы, бұл саланың материалдық-техникалық негізінің нығаюына, оның мұқтаждарына мемлекет тарапынан аз қаржы жұмсалып отырған жоқ. Биылдың өзінде ғана 11 ғимарат жөнделіп, 19 мәдениет мекемесі ашылды. Жалпы алғанда, өңіріміздегі 580 мәдениет мекемесі жылына 1 миллион адамға қызмет көрсете алады. Үстіміздегі жылы 22,5 мыңнан аса түрлі мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылды.

Біздің өңірдің шығармашылық әлеуеті айтарлықтай. Соның арқасында облысымыздың ұжымдары Ресейде, Түркияда, Францияда, Болгарияда, Румынияда, Мысырда, Германияда, Оңтүстік Кореяда өнер сапарларында болып қайтты.

Өңірімізде өтіп жататын қандай да болсын мәдени шарада Елбасымыз нұсқаған Мәңгілік Ел идеясы шамшырақ сынды алдымыздағы жолымызда бағыт-бағдар көрсетіп отырады. Алдағы жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Соған орай облыс аудандарының бәрінде “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер” фестивалі болып өтті. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ашылғанына 90 жыл толуы, С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың шаңырақ көтеруінің 80 жылдығы, бейнелеу өнері мұражайының 25 жылдығы өңіріміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалар болып, тұрғындардың рухани байлығын нығайтады.

Алда бүкіл ұлтымызды ұйытатын аса зор оқиға – Қазақ хандығының 550 жылдығы тұр. Бұл – елдігімізге сын. Оған мәдениет қызметкерлері айтарлықтай үлес қосуы керектігін айрықша пайымдаймыз. Елбасы осы Жолдауында айтқанындай, “Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел!”.

Елдің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын орнықтырудың жолы – сахналардан ұсынылып жүрген қойылымдарымыздың, шырқалатын әндеріміздің, шертілетін күйлеріміздің арқауы болуы керек.

Осы ән-күй мерекелерінде, фестивальдарда, өнер байқауларында ұлтаралық рухани келісімді, бірлік пен татулықты мадақтаймыз. Бір сөзбен түйіндегенде, бірлік – біздің берекеміз!

Тұрсынай МОЛДАХМЕТОВА,

облыстық мәдениет, мұрағаттар және

құжаттамалар басқармасының бөлім

 басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp