“Әкем Тәшім Қожахметов Булаев ауданында дүниеге келген. Екі жасында әкесі, сегізге толғанда анасы өмірден озған. Араға үш жыл салып үлкен ағасы да бақилық болып, он бір жасында тұлдыр жетім қалған әкем Булаево қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген”, – дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының полковнигі Болат Қожахметов. Оның айтуынша, әкесі өз перзенттерін ата-бабаларының туған жерін кіршіксіз сүюге, барлық халықпен тату-тәтті өмір сүруге, жасы кішілерге қорған болып, қарттарға көмек көрсетуге баулыған.
Соғыс басталған кезде әлі он алтыға да толмаған Тәшім Қожахметов фабрика-зауыттық оқытудан өтіп, Петропавл қаласына көшірілген әскери зауытта токарь болып істеген. Отанды жаудан қорғауға өз үлесін осылайша қосқан. Ол: “14-16 сағаттан тынымсыз еңбек етіп, үйге де бармастан, снарядтардың жәшігінің үстінде жатып, көз шырымын алатынбыз. Аузымызға не түссе, соны тамақ қылдық, бірақ ешқайсымыз шаршадық демедік. Өйткені, біз Жеңіс үшін, еркіндік үшін, еліміздің тәуелсіздігі үшін еңбек етіп жүргенімізді білетінбіз”, – деп еске алушы еді, – дейді Болат Тәшімұлы.
1944 жылы әскер қатарына шақырылған Тәшім Қожахметов сыртқы барлау мектебінде оқиды. Оны бітірген соң шетелдерде бірнеше жыл әскери қызмет атқарған. “Тәртіпті адам тағалаған атпен тең” дегендей, Тәшім Түлкібайұлы қай елде болса, сол жердің халқының тілі мен дәстүрін үйреніп, өзіне жүктелген тапсырманы абыроймен атқаруға тырысқан. Шетелдердегі адал еңбегі үшін ол КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының және Бас барлау басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Тәшім Түлкібайұлы барлау жұмысынан босағаннан кейін жоғары заңгерлік білім алып, 32 жыл ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарды. Ондағы қызметі Петропавл қаласындағы теміржол стансасында аға жедел уәкілдіктен басталған. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда елде күнкөріс қиын кез. Стансада жолаушылар өте көп, олардың өздерін, мүліктері мен жүктерін қылмыскерлерден сақтау міндеті көлік милициясы қызметкерлеріне жүктелді. Теміржол бойында жасалатын қылмыстардың түрлері де әр алуан. Мәселен, жүк пойыздарында автокөліктерді, ауыл шаруашылығы және басқа да техникаларды бөлшектеп, бұзып, ұрлайтындар жиі кездесті. Тәшім Қожахметов басқарған жедел топ кісі өлтіру, тонау, ұрлық, вокзалдағы алаяқтық сияқты жүздеген қылмысты дер кезінде ашты.
Тың кезінде құрылған кеңейтілген шаруашылықтарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 1958 жылы Тәшім Түлкібайұлы өзінің туған жері Булаев ауданына учаскелік уәкіл қызметіне ауыстырылады. Онда да талай қылмыстың бетін ашуға атсалысады. Сондай оқиғалардың бірі жайлы тілшілерге берген сұхбатында: “Бірде таңертең терезені тарсылдатқан дауыстан шошып ояндым. Далада түк көрінбейтін боран екен. Келген адам ауыл дүкенінің күзетшісі өлтірілгені туралы суыт хабар жеткізді. Мен жүре киініп, оқиға орнына жеттім. Басы қан-қан күзетшінің мәйіті дүкеннің есігінің алдында, одан әріректе шеге суыратын сайман жатыр екен. “Күзетші осы темірмен өлтірілген” деген алғашқы ойымды кейін жүргізілген сараптама дәлелдеп берді. Аудан орталығынан келген жедел топқа: “Қылмысты жергілікті тұрғындар жасаған, – деп өз уәжімді дәлелдеп бердім”, – депті Тәшім Қожахметов.
Айтқандайын, тергеу барысында ауылға кейінірек көшіп келген ішімдікке әуес адам бірден назарға ілігеді. Бұлтартпас айғақтар табылып, күдікті жасаған қылмысын мойындап, ең ауыр жазаға кесіледі.
Тәшім Түлкібайұлы жеделіздестіру жұмысында криминалистік техника құралдарын кең қолданған. Ол жоғары милиция мектебінде алған білімімен шектелмей, өздігінен көп ізденіп, тәжірибесімен қызметтестерімен бөлісіп отырған. Тіпті, оның тәжірибесіне өзге облыстардағы әріптестері де бірнеше мәрте жүгініп, пікір алмасқан. 1964 жылы Солтүстік Қазақстан облысында жасалған қылмыстардың дер кезінде әшкерелену деңгейі 92 пайызға жеткен. Тәшім Қожахметовтің аталмыш саладағы еңбегі жоғары бағаланып, КСРО ішкі істер министрі оған милиция капитаны атағын мерзімінен бұрын беріп, “Москва-5” фотоаппаратын сыйға тартқан.
Өткен ғасырдың орта тұсында салынып Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінің алыбы саналған Ленин атындағы Петропавл ауыр машина жасау зауыты армия мен халық шаруашылығына арналған өнімдерді шығара бастайды. Сол кезде мыңдаған адамнан құралған ұжымда жұмыс істейтіндердің арасында мемлекеттік және әскери құпияны жария етушілер де табылған. Зауыт зор материалдық ресурстарға ие болғандықтан, оның барлығы сенімді қорғалуы тиіс. Сондықтан Мәскеудің бұйрығы бойынша зауытта 4-ші арнаулы милиция бөлімі құрылып, оның басшыларының бірі болып Тәшім Түлкібайұлы тағайындалады.
Бірде Петропавл ауыр машина жасау зауытының бас директорының орынбасары пара алады деген жедел ақпарат түседі. Бұл ақпаратты Тәшім Қожахметов жіті бақылауына алып, 1982 жылы оны өз кабинетінде қылмыс үстінде ұстайды. Тәшім Түлкібайұлы қызмет еткен жылдарда зауытта құпия ақпаратты жария ету, ұрлық жасау, өткізу режімін бұзу сияқты жағдай болмаған. 1983 жылы зауыт жанындағы арнайы милицияның 4-ші бөлімшесі Кеңес одағындағы осындай құрылымдар арасында үздік деп танылып, КСРО ішкі істер министрлігі Тәшім Қожахметовке “Жигули” автокөлігін сыйлаған. Тәшім Түлкібайұлы 1984 жылы 58 жасында полковник дәрежесінде зейнеткерлікке шықса, 2005 жылы “Милиция ардагері” медалімен марапатталған. Оның суреті облыстық ішкі істер департаментінің алдындағы “Құрмет тақтасына” ілінген.
Тәшім Қожахметов ісіне адал еңбекқорлығымен қатар үлгілі отағасы болған. Зайыбы Хайрош екеуі 50 жылдан астам уақыт бақытты ғұмыр кешіп, екі ұл тәрбиелеп, өсірді. “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” дегендей, ұлдары да асқар таудай болған әкелерінің ардақты атына кір келтірмеуге тырысуда.
Әке жолын қуған полковник шеніндегі ұлы Болат Қожахметов Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтында әскери-педагогика ғылымдары кафедрасының бастығы қызметін атқарды. Ол 2012 жылы құрметті демалысқа шықты. Оның ұлы Руслан Болатұлы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Қорғаныс министрлігі университетінің 5-курсында оқиды.
“Әкем орта бойлы, жинақы, егде тартқан кезінде де денесін тіптік ұстайтын. Үстіне киген киімі де бір-бірімен үйлесім тауып, өзіне ерекше жарасатын. Шалбарының қыры ұстараның жүзіндей қатып, жалтыраған аяқкиімі жер баспағандай әсер қалдыратын”, – деп, Болат Қожахметов өздеріне үлгі бола білген әкелерін әрқашан ардақ тұтып, мақтан еткендіктен, оның жолын жалғастырып келе жатқандықтарын айтты.
Тәшім Түлкібайұлының екінші ұлы – Марат Қожахметов – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Ол да екі ұл мен немере сүйіп отыр.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.