Кеше бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың отыз екінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде 16 мәселе қаралды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов қатысты.
Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджетке қатысты болды. Қолда бар салық базасына сәйкес келер жылғы бюджет түсімдері 12 919 173 мың теңге шамасында деп болжанып отыр. Оның 99,7 пайызын салықтық, 0,2 пайызын салықтық емес түсімдер құрайды. 2016 жылы бұл сома – 13 817 645, 2017 жылы 14 843 845 мың теңге болмақ. Үш жылға жоспарланған жергілікті бюджет қаржысы одан бөлек субвенция арқылы ел қазынасынан бағытталатын қосымша ақшамен тағы толықпақ. Ол сома үш жылда 172 918 827 мың теңгені құрайды деп жоспарлануда. Бұл сандар экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Хасенованың баяндамасында көрініс тапты.
Халық қалаулылары бюджет жобасын бекітуді бірауыздан мақұлдады.
Сессия жұмысында қаралған екінші мәселе аудан орталықтары мен тірек ауылдық елді мекендерді дамытудың 2014-2018 жылдарға арналған кешенді жоспарларын іске асыруға қатысты болды.
Қалған 14 мәселе тұрақты комиссия отырысында жан-жақты қаралып екшелгендіктен, депутаттар олардың әрқайсысы бойынша қабылданған шешімдерді бірауыздан мақұлдады.
(Өз тілшіміз).