
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру мақсатында өңірімізге республикалық ақпараттық-насихат тобы келді. Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко бастаған топ облыс активімен кездесіп, бірқатар салалар бойынша Жолдауда көрсетілген міндеттерді талқылады. Жиынды облыс әкімі Ерік Сұлтанов жүргізді.
Облыс активіне ақпараттық-насихат тобының мүшелері – министрліктер мен ведомстволардың өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттарын таныстырған өңір басшысы аталмыш кездесу Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың тиімді тетіктері мен басым бағыттарын айқындайтынына сенім білдірді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко тәуелсіздіктің туы желбіреген 23 жылдың ішінде мемлекеттегі кәсіпорындардың еңсесі тіктеліп, әлемдік аренада абыройы асқақтай түскенін әңгімеледі. Ынтымағы жарасқан елдің келешегі үшін құрылған Ұлттық қордағы қаражат бүгінде 100 миллиард доллардан асады. Осы қордан қомақты қаражатты бөлу арқылы жүзеге асатын инфрақұрылымдық реформаларға тоқталып өткен вице-министр көлік магистраліндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өз құзыретіндегі жұмыстар жайында баяндады. Бұл мақсатта ел аумағында жол бойында медициналық көмек көрсетудің 36 қосыны іске қосылған. Ондағы медициналық бригадалар биылғы жылдың өзінде 4 мыңға жуық адамға көмек көрсеткен. Заманауи қондырғылармен жабдықталған қосындардың бірі таяуда Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылында да ашылмақ.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов ата-бабамыз аңсаған “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асыруда “елім” деген әрбір қазақстандық, әсіресе, жастар табысты жұмыс істеп, қоғамдық істерге белсенді араласу қажеттігін айтты.
Кездесуде ақпараттық-насихат тобының мүшелеріне шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге, жолдардың сапасын жақсартуға, баспананы барынша төмен пайызбен несиеге алу мәселелеріне қатысты сұрақтар қойылды. Бұл ретте сөз алған өңір басшысы жол және ауызсу мәселесі әлі де сын көтермейтінін айтты. Өңір жолдарының 51 пайызы тозған. Жол азабын негізінен ауыл тұрғындары тартып отырғанын айтқан Ерік Хамзаұлы аталмыш мәселені 5 жылдың ішінде шешу жоспарланғанын жеткізді.
Ақпараттық-насихат тобы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушыларымен және студент жастармен кездесіп, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында да болды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.