«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛ АУДАНЫНДА – ЖАҢА ЕМХАНА

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылында 250 орынға шақталған жаңа емхана пайдалануға берілді. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Нысан “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында іске қосылып отыр. Емдеу мекемесінің ашылуына өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов қатысты.

Есіл ауданының тұрғындары бұл нысанның іске қосылуын ұзақ күтті. Себебі, бұрынғы емхана осыдан жарты ғасыр бұрын салынған еді. Тиісінше ғимараттың да, ондағы қондырғылардың да тозығы жеткен. Ал ендігі жерде басы ауырып, балтыры сыздағандар үшін заман талабына сай жарақтанған жаңа нысанның пайдасы зор.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында: “Ұлт денсаулығы – біздің жарқын болашағымыздың негізі”,– деп айрықша атап көрсетті. Биыл облысымызда 4 ауданда жаңа емхана құрылысы жүргізіліп, халық қуанышқа бөленуде. Жаңа емхананың аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуда маңызы ерекше болмақ, – деді жиынды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Бұдан соң өңір басшысы салтанатты түрде лентаны қиып, дәрігерлер ұжымына жаңа реанимобиль көлiгінiң кiлтiн табыс еттi.

Өңір жетекшісі емхананың материалдық-техникалық базасымен танысып, ақ халатты абзал жандармен тілдесті. Мұнда балаларға және ересектерге арналған бөлімшелер де бар. Ал стационарлық бөлімше 10 жатын орынға шақталған.

Сонымен қатар жаңа нысанда 23 автокөлік халық игілігіне жұмыс істесе, тағы 300-ден астам қызметкер тұрғындарға сапалы қызмет көрсетпек. Солардың бірі – Роллан Жұмағазиев. Жас маман өткен жылы оқуын аяқтап, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша осы емханаға жұмыс істеуге келген.

– Емханадағы қондырғылардың бәрі жаңа, заманауи. Жұмыс істеуге өте ыңғайлы, – дейді эпидемиолог- дәрігер Роллан Жұмағазиев.

Жалпы нысанның құрылысы 2012 жылы басталған болатын. Оның құрылысына бір миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалса, соны қондырғылар алуға жұмсалған қаржы сомасы 500 миллион теңгеге жуық. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға жергілікті тұрғындар дән риза. Сонымен қатар жаңа нысан емханадағы ұзын сонар кезектің азайып, науқастардың уақтылы ем-дом қабылдауына мүмкіндік туғызбақ.

Мағжан АХМАДИНА,

журналист. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp