Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында үдемелі индустриялық-инновациялық даму, Солтүстік Қазақстан облысының аумағын дамыту, “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудың қорытындылары мен алда тұрған міндеттер талқыланды.
Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Ысқақов индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қорытындысы мен алда тұрған міндеттер жайлы баяндады. Марат Жақсылықұлының айтуынша, бағдарламаның негізгі индикаторларының бірі – жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) өсімін қамтамасыз ету. Ол 2013 жылдың қорытындысы бойынша 2008 жылдың базалық ЖӨӨ-мен салыстырғанда 1,8 есе өсті. Бірінші бесжылдықта инвестиция көлемі 31 млрд. теңгеден асатын 32 жоба жүзеге асырылып, бір жарым мыңдай жұмыс орны құрылды. Былтыр “Петропавл арақ-шарап зауыты” АҚ, “Қалалық сүт зауыты” ЖШС, “Ащыкөл элеваторы” ЖШС сияқты тоқтап тұрған 9 кәсіпорынның қызметін жандандыру жөніндегі жұмыс өнеркәсіп өндірісі көлемін өсіруге септігін тигізді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлік субъектісінің сомасы 1 млрд. теңгеден асатын 222 өтінімі мақұлданды. Бағдарламаға қатысушылар саны екі есе өсіп, облыстың барлық аудандарын қамтыды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2013 жылға қарағанда 8,7%-ға, облыстың ұқсату өнеркәсібіне салынған шетел инвестициясы 5,9 есе артты. Бұл көрсеткіш Тимирязев және Есіл аудандарында барынша жоғары. Мысалы, Тимирязев ауданында “КЭСС” ЖШС ұн үгу комбинатын жаңғыртып жатыр. Есіл ауданындағы “Әулие” кен орны 16 наурызда бірінші рет алтын қорытқалы отыр. Биыл онда 400 килограмм алтын алу жоспарлануда.
Индустриялық дамудың басты көрсеткіштерінің бірі – “Инновация саласындағы белсенділік деңгейі”. Қазіргі уақытта ол 10,9%-ды құрап, республикалық көрсеткіштен 2,9 пайыздық пунктке жоғары болды. Инновациялық өнім өндірісінің көлемі 2,6 есе өсіп, 16 млрд. теңгені құрады.
Жергілікті тауарларды, жұмысты және қызметті дамытуға үнемі мониторинг жүргізіледі. Жүйе қалыптастыратын кәсіпорындардағы олардың үлесі – 83,4%, ол алдыңғы жылдың көрсеткішінен 28,4 пайыздық пунктке жоғары.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығының картасына сомасы 23 млрд. теңгенің 26 жобасы енгізілді. Олардың біреуі қаңтар айында пайдалануға берілді, тағы 14-і жыл соңына дейін іске қосылады деп болжануда. Биыл Индустрияландыру картасына тағы да сомасы 46 млрд. теңгенің 16 жобасын енгізу, тоқтап тұрған 13 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.
Ерік Хамзаұлы жаңа жобаларды жүзеге асыру жұмыс орындарын көбейтуге септігін тигізетіндігін, ол тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға жағдай жасайтындығын айта келіп, тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыру үшін олардың әрқайсысымен жұмыс істеуді аудан әкімдеріне тапсырды, кәсіпорындарды қолдау жөніндегі 70 шараны келесі отырыста талқылауды ұсынды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Хасенова Солтүстік Қазақстан облысының аумағын дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың барысын тілге тиек етті. 2014 жылы бағдарлама бойынша 26 мақсатты, 38 мақсатты индикаторды іске асыру қарастырылған.
Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Айдын Керімбек “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындыларына тоқталды. Өткен жылы сомасы 6,36 млрд. теңге болатын 130 кредиттің пайыздық ставкасына демеуқаржы, сомасы 1,83 млрд. теңгенің 48 кредитіне кепілдік берілді. Бұрынғысынша облыс орталығының кәсіпкерлері ең көп қолдауға ие болды, 222 өтінімнің 133-і (66,2%-ы) солардың үлесінде.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов экономиканың басым секторларында өз қызметін жүзеге асыратын шаруашылық субъектілерінің жобаларын көбейтуді, сол жолда кездесетін кедергілерді бірлесе отырып жоюды аудандардың әкімдері мен салалық басқармалардың басшыларына тапсырды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.