Облыстағы ірі шаруашылықтардың бірі – “Тайынша Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2005 жылы “Ясная Поляна”, “Зеленый Гай Тайынша” және “Кирово-Тайынша” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бірлесіп, үлкен серіктестік құрған уақыттан бері шаруашылық жомарт жерді идіріп, текті түлікті өсіріп, ризығын еңбекпен тауып келеді.
Анатолий Рафальский басқаратын іргелі ұжым бүгінде етті мал шаруашылығын дамытуға, оның экспорттық әлеуетін арттыруға айырықша мән беріп отыр. Асылтұқымды мал шаруашылығы мәртебесін иелене отырып, сүтті және етті қара малды 6 мың басқа жеткізген. Шаруашылық жергілікті қара ала сиырлармен қоса Канададан асылтұқымды мал әкеліп, екі мың басқа шақталған сүт фермаларын іске қосқан. Алдағы жоспар – сүтті сиырлар санын 2 мыңға жеткізу.
Серіктестіктегі еңбек өнімділігінің жоғары болып, еңбеккерлерінің жақсы еңбекақы алуына шаруашылықтың соңғы үлгідегі озық технологиялармен жабдықталуы жол ашып отыр. Жемазық дайындау ісінде де өңірдегі өзге шаруашылықтардан көш ілгері серіктестік австриялық дән кептіру кешені арқылы жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыруға қол жеткізген. Майлы дақылдарды тазартып, кептіретін құрылғы сағатына 60 тонна өнімді игере алады.
Шаруашылық басшысы Анатолий Брониславовичтің ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етумен қатар олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған еңбегі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Шаруашылық ірге тепкен үш ауылдық округте тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік көмектің бәрі бар: Мәдениет үйі мен балабақша, мектеп, монша жұмыс істейді. Ең бастысы, мұнда жұмыс табылады. Мұның барлығы – елдің экономикасына елеулі үлесін қосып, туған ауылының гүлденуі үшін тынымсыз тер төккен ел азаматының ерен еңбегінің нәтижесі.
Былтыр аудандағы Ясная Поляна ауылының бас көшесінде орналасқан Поляк үйінде Анатолий Рафальскийдің қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 90 шаршы метрді алып жатқан мәдениет ошағында поляк халқының тілі мен салт-дәстүрін оқытуға арналған сынып, кітапхана ашылды.
“Өңірлерді дамыту” мемлекеттік бағдарламасы аясында ұтып алынған тендер бойынша Ясная Поляна ауылында салынған балалар алаңы да серіктестік басшысының жерлестеріне деген қамқорлығының бір көрінісі.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.