Мен жастайымнан өнерге құштар едім. Осы арман маған үнемі қанат бітіріп, өмірлік таңдауым – өнер жолына түсірді.
Осы жолда жақсы ұстаздар, жанашыр адамдар қолдап, демеп, бойыма сенім ұялата түсті. Солардың бірі – қалалық ардагерлер хорының көркемдік жетекшісі Иван Мищенко.
Иван Алексеевич мені өзі басқарып жүрген хордың жұмысымен таныстырды. Мен ұстазымның ардагер өнерпаздарды орындаушылық шеберлікке баулу машығын бойыма түйдім.
Бұл уақытта өзім Куйбышев атындағы зауытта әншілер тобының жұмысына араласып, олардың сахналық өнерін ұштаумен шұғылданушы едім. Кейін локомотив депосында осы жұмысты атқардым.
Алайда, өнер адамының одан әрі биіктерге өрлеуі үшін арнайы білімнің орны бөлек екенін аңғардым. Осы мақсатпен Петропавл педагогика институтының музыка факультетінде сырттай оқып, баян класы бойынша білім алдым.
Өзімнің алдыма қойған мақсатым – вокалдық ән тобын құру еді. Сондай-ақ, оның репертуары әр ұлттардың әндерінен құралып, өңіріміздің, одан асса, еліміздің тұрғындарының бойында отаншылдығын, рухани келісімін, достық сезімдерін орнықтыру.
Осы мақсатым 1993 жылы орындалды. Мен қалалық Мәдениет үйі жанынан «Лейся, песня!» вокалдық тобын құрдым.
Арада үш жыл өткенде тұрғындарға тарту етіп жүрген өнеріміз лайықты бағаланып, вокалдық топтың репертуарындағы достық тақырыбындағы әндерді орындаудағы жетістіктеріміз үшін топтың жетекшісі ретінде мен облыс әкімі Владимир Гартманның Құрмет грамотасымен марапатталдым.
Бүгінде топтың құрамында тұрақты он төрт адам өнер көрсетеді.
Шежіреміз соншалықты қомақты, тарихымыз бай дей алмаймын. Алайда, әндеріміз жан-жүрегін баурайтын тыңдармандарымыз көп. Сондай-ақ, Петропавлда өтетін барлық мерекелерде біздің топ сахнадан сырт қалған емес. Сонымен бірге, облыс аудандарына да сапарларға шығып, тыңдармандарға тарту жасап келеміз.
Жоғарыда айтып өткенімдей, өнеріміз, осы жолда өрлеген биіктеріміз көзден таса қалған емес. Мысалы, 2011 жылы мен қалалық байқауда «Петропавлдың озық тұлғалары» аталымында марапатталғанымды айрықша мақтан тұтамын.
2013 жылғы 6 желтоқсанда 20 жылдық мерейтойымызды атап өттік. Қалалық Мәдениет үйінің сахнасында отызға тарта ән орындап, үлкен концерт бердік.
Бүгінде топтың репертуарында орыс, украин, беларусь халықтарының әндері бар. Қазақстан композиторларының шығармаларын да жұртшылыққа тарту етіп келеміз. Атап айтқанда, «Туған жерім», «Казахстанская земля», «28 панфиловшының әні» сияқты әндерді шырқаймыз.
Жалпы алар болсақ, нақышына келтіріп шырқап жүрген алпыстан аса әніміз бар. Біз осы туындылар арқылы халықтар достығын ту етіп көтереміз.
Биыл еліміздің өмірінде бірқатар аса елеулі оқиғалар аталып өтіледі. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының шаңырақ көтеруінің 20 жылдығы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың – ұлттарды ұйыстыру, олардың бір атаның баласындай тату-тәтті тұрмысын қалыптастыру идеясынан туған бұл қауымдастықты республикамызда және одан да тысқары жерлерде «Қазақстандағы достықтың алтын көпірі» деп атауы тегін емес. Достықтың туын өнер желбіретеді. Менің пайымдауымша, бүкіл елімізде айрықша серпінмен, отаншылдық рухта өтетін Ассамблеяның 20 жылдығы тойланатын күн барша қазақстандықтардың шаттық шаңырағының символы болмақ.
Осыған қоса айтарым, «Лейся, песня!» тобы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына өнер тартуын жасау мақсатында жан-жақты даярлыққа кірісті. Сол үшін облыс орталығындағы №№14, 40, 44 мектептерде және 1-ші лицейде оқушыларды даярлаудамыз.
Геннадий ПЛОТНИКОВ,
«Лейся, песня!»
вокалдық тобының
көркемдік жетекшісі.