Мен Әзірбайжанның Қазақ деп аталатын ауданының тумасымын. Тарихи Отанымдағы елді мекеннің Қазақ деп аталауы тегін емес. Оның шығу тарихын мен Петропавл қаласына көшіп келгенде тарихшының өзінен естідім. Бағзы жылдары бұл жерге түркі тайпалары қоныстанып, орын тепкен көрінеді. Ежелден еш өзгеріссіз келе жатқан атауына қарағанда, қоныстанған түркі тайпалары деп отырғаны қазақтар болуы мүмкін. Сол уақыттан бері аудан Қазақ деп аталып келіп, ауданның орталық қаласы да Қазақ деген атпен белгілі. Туған жерімнің тарихи атауы қазақ халқымен тікелей байланысты болғанына қуандым. Себебі, маған, менің отбасыма бақытты өмір сүріп, сүйікті ісіммен еркін айналысуым үшін мүмкіндік берген Қазақстан мемлекетіне дән ризамын.
Қазақстанға туыстарыма қонаққа келген болатынмын. Ойламаған жерден Қазақстанда жұмыс табыла кетті. Бұл ел маған несібемді табуға мүмкіндік беріп қана қоймай, балалық арманымды жүзеге асыруға септігін тигізді.
Қазақстанға отбасымызбен 1995 жылы көшіп келгенімізде Ақмола облысының Атбасар ауылында тұрдық. Кішкентай кезімде музыка өнеріне машықтанып өскенім бұл жерде іске жарады. Ауылдың Мәдениет үйінде талай концерттік бағдарламаларға қатысып, өз өнерімді паш ете бастадым. Қазақ халқын “Өнер десе ішкен асын жерге қояды” деп тегін айтпаса керек. Ауылда, ауданда өнер көрсетіп жүргенімде көрермендер мені қолпаштап, концерттерге үзбей шақырып отырды. Той-томалақтарда өнер көрсеттім. Достарым да көбейді. Осы уақыт ішінде қызым бойжетіп, ұлым ержетіп, тағдырларын Қазақстанмен байланыстыруды көздеді. Осы жерде тамырларын жайып, тұрмыс құрып, шаңырақ көтерді. Немерелерім мен жиендерім дүниеге келді. Сол себепті де Қазақстан біз үшін құтты мекенге айналды.
Облыс орталығындағы әзірбайжан мәдени орталығы ұйымдастыратын барлық іс-шараларға белсене қатысып тұрамын. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын бүкіл халық болып тойлауға атсалысып келемін.
Әзірбайжандағы ауылымыз тау бөктерінде орналасқан. Анам бізді әнмен ұйқыдан оятып, пеште пісірілген ыстық нан мен қант қосылған қою шайды ұсынатын. Сондағы анамның айтқан халық әндері әлі күнге дейін есімде. Солардың бірі “Қазақ жеріне келіп, сәлем бер” деп аталады. Бұл ән Әзірбайжандағы Қазақ деген ауданның құрметіне шығарылған. Кей-кейде анамды сағынғанымда осы әнді орындап, мауқымды басып аламын. Бұл ән менің қазақ достарыма да ұнайды. Себебі, әннің әуенінде қазақтың дәстүрлі музыкасымен сәйкес тұстары бар. Байқасам, қазақтың домбырасы мен әзірбайжанның сазында да ұқсастық бар.
Бірде мен жұмыс істейтін көлік жөндеу орталығына байырғы қазақ досым келіп, домбыраны сыйға тартты. Нақтырақ айтсақ, ол домбыраның бөліктерін әкеліп берді. Досым менің бұл аспапты іске жарата алатынымды білген болуы керек. Аспап бірнеше бөліктерге бөлініп, әбден қирап қалған екен. Домбыраны жөндеп шықтым. Келбетін келтіріп, бөлініп қалған құлағы мен мойнын жалғап, желімдедім. Эксперимент жасап көрейін деп саздың жіңішке ішегін тақтым. Домбыра күмбірлеп шыға келді. Аспапты өңдеп, сыртын еліміздің Көк туына сай әсемдей түскім келеді. Сәті түссе, дәл осы домбырамен Елбасының алдында өнер көрсетуді армандаймын.
Бұл домбыра менің үйімдегі 5 соқпалы, 7 ішекті, 3 үрлемелі аспаптардың ішінде қазақтың салтына сай төрде ілулі тұрады. Жинаған аспаптарымның арасында қазақ, түрік, әзірбайжан, орыс халық аспаптары бар. Дәл Қазақстанның көпэтносты халқындай. Аспаптарымның қатары толықса екен деп ойлаймын. Сол арқылы бір шаңырақ астында баянды өмір сүріп келе жатқан әртүрлі этнос өкілдерінің аспаптарын меңгеруді әрі дәріптеуді көздеймін.
Малик АХУНДОВ.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Петропавл қаласы.