«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СОЛТҮСТІКТІҢ” ЖЕҢІМПАЗЫ – МАҒЖАНДЫҚТАР

Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында дәстүрлі “Солтүстік – 2015” қысқы ауыл спорты мерекесінің жалауы көтерілді. Қысқы спорттық ойындардың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко қатысты.

– Бүгінде Елбасы спортқа айрықша көңіл бөлуде. Жыл сайын аудандарда спорттық нысандар бой көтеруде. Биыл Петропавлда Спорт сарайы пайдалануға берілмек. Құрметті спортшылар, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан сіздерді спартакиаданың салтанатты ашылуымен құттықтаймын! Жеңіс пен табыс тілеймін! – деді Владимир Бубенко.  

Осымен он тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі дода спортшылардың салтанатты шеруімен басталды. Саламатты өмір салтын насихаттау және қысқы спорт түрлерін дамытуды көздеген жарысқа қатысып отырған аудан құрамалары сапында елдің, облыстың құрама командаларында өнер көрсетіп жүрген спортшылар да бар.

Спартакиаданың ашылу рәсімі барысында әр жылдары Олимпиада және әлем жеңімпаздары атанған спортшылар – жерлесіміз, велошабандоз Александр Винокуров, боксшы Серік Сәпиев, шаңғышы Владимир Смирнов бейнеқұттықтауларын жолдағаннан кейін спартакиада алауы жағылды.

Бүгінде өңірде қысқы спорт ойындарын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Биыл өңір басшысы Ерік Сұлтановтың бастамасымен облыста 300-ге тарта хоккей қорабы пайдалануға берілмек. Кішкенекөл ауылының өзінде жыл басынан бері 3 хоккей корты салынып, іске қосылды.

Спорт мерекесі барысында спортшылар президенттік көпсайыс, конькимен жүгіру, хоккей, шаңғы жарысы, биатлон, шайбалы хоккей, футзал және шорт-трек бойынша сынға түсті. Сайысқа облыс бойынша 1500-ден астам спортшы қатысты.

Үш күнге созылған спорт сайыстары тартысты өтті. Жалпыкомандалық есепте 140 ұпай жинаған М.Жұмабаев ауданының құрама командасы спартакиаданың жеңімпазы атанды. 133 және 132 ұпайы бар Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар екінші және үшінші орындарға ие болды.

Жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде үздік құрамаға облыс әкімі атынан “ГАЗель” автокөлігі табысталды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

журналист.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp