«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОЛИМПИАДАШЫЛАР” – ЧЕМПИОН!

Мектеп оқушыларының күзгі демалысында басталған “Мен – чемпионмын!” балалар жарысы өз мәресіне жетіп, жеңімпаз командалар анықталды. 4 күндік сайыста шаршы топтан суырылып шыққан қос құрама – “Стрела” және “Олимпиадашылар” арасындағы ақтық сын бес кезеңнен тұрды.

Оның алғашқысында команда мүшелері ортада тұрған кедергіден өтіп, допты себетке дәл салулары тиіс болатын. Бұл сында “Стрела” командасы басым түсті.

Ал екінші кезең – арқан тарту кезінде “Олимпиадашылар” жеңіске жетті. Дөңгелектің ішіне кіріп, шыр айналған сайысшылар сыннан сүрінбеуге тырысты. Бұл эстафетада “Олимпиадашылардың” асығы алшысынан түсті.

Ақтық кезеңге нүкте қоятын – финалдық эстафета. Бұл сында да “Стрела” артта қалды.

Сайыс мәресіне жеткен соң облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова барлық қатысушыларды құттықтап, жобаның жүлдегерлері мен жеңімпаздарын марапаттады. Сайыстың қорытындысы бойынша үздік үштікті Айыртау ауданының “Виктория” құрамасы тұйықтады. Күміс жүлдені Петропавл қаласының №7 мектебінің “Стрела” командасы еншілесе, №17 орта мектептің “Олимпиадашылар” құрамасы “Мен – чемпионмын!” балалар спорттық жобасының жеңімпазы атанды.

Жобаның ақтық кезеңінде өнер көрсеткен барлық 16 командаға “Мен – чемпионмын!” балалар спорттық жарысы қозғалысын қолдау мемлекеттік емес қайырымдылық қорының атынан үстел теннисіне арналған жабдықтар сыйға берілді. Ал жүлдегер атанған үш құрамаға “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығында 20 күн демалуға жолдама тарту етілді.

Сонымен қатар жеңіске деген талпыныс пен спорттық рухы үшін Айыртау ауданының “Виктория” командасына “Спортландия” дүкенінен спорттық аяқкиімдер алуға 100 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Риат ШОНИ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp