«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒЫ ЕКІ ҚОНДЫРҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Сейсенбі күні өңір басшысы Ерік Сұлтанов Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” КС-де болып, “Астана ЭКСПО – 2017” ҰК мен облыс әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыруға арналған шаралар жоспары аясында екі жел энергиясы қондырғысын іске қосты.

Қазақстан Республикасы Президентінің елімізді “жасыл экономикаға” көшіру жөніндегі тапсырмасын өңірімізде бірінші болып “Зенченко және К” КС жүзеге асыра бастағаны белгілі. 2012 жылы Мемлекет басшысы қатысқан Жалпыұлттық телекөпір кезінде аталмыш агроқұрылым Новоникольское ауылында жалпы қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайтын, биіктігі 54 метрлік екі жел энергетикасы қондырғысын іске қосқан еді. Содан бергі екі жылда желдің күшімен 4 млн. кВт/сағаттан артық электр қуаты өндірілді.  

– Біз үшін бүгін қуанышты күн. Осыдан екі жыл бұрын басталған жобаның екінші кезегін іске қосқалы отырмыз. Жаңадан орнатылған салмағы 150 тоннадан астам, биіктігі 74 метрлік екі генератордың әрқайсысы 1 мегаватт электр қуатын өндіретін болады.

Сөйтіп, аталмыш қондырғылардың жалпы қуаттылығы 3,5 мегаватты құрайды. Осынау жобаларды жүзеге асыру электр қуаты шығынын ай сайын 6,3 млн. теңгеге қысқартуға, серіктестіктің қажеттілігін 100 пайыз жабуға мүмкіндік береді. Елбасының бастамасымен, облыс әкімінің қолдау көрсетуімен қаржылық есеп айырысу орталығымен шартқа тұрдық, “СевКазЭнерго” кәсіпорны тарапынан алғаш рет қолдау мен түсіністік таптық. Біз осылай Мемлекет басшысының идеясын өңірімізде бірінші болып жүзеге асырдық, – деді “Зенченко және К” КС директоры Геннадий Зенченко.

Ерік Хамзаұлы жаңа қондырғыларды салтанатты жағдайда іске қосты.

– Энергия қорын үнемдеу – бүгінгі заман талабы. Баламалы энергия көзін пайдаланудың экономикалық, экологиялық маңыздылығы ерекше. Елімізде су, жел, күн энергиясын іске ұқсату көздері қарастырылып, қолға алынуда. Бүгінгі іске қосып отырған қондырғылар солардың бастамасы. Алдағы уақытта “жасыл экономиканы” жүзеге асыру үшін энергия үнемдеуге арналған қондырғылар саны көбеюі керек. Осындай қондырғылар әр ауданда орнатылуға тиіс. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысын өндіру міндетін қойды. Біз осы міндеттің алғашқысына ғана қол жеткіздік. Аталмыш жоба 2017 жылы елордамыз Астанада өтетін халықаралық мамандандырылған “ЭКСПО” көрмесі қарсаңында ерекше өзекті саналады. “Зенченко және К” КС-нің осынау көрмеге қатысуы жоспарланып отыр, – дей келіп облыс әкімі салтанатты рәсімге жиналғандарды агроқұрылымның жеңісімен құттықтады.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp