Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қостанай қаласының жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов қостанайлықтарды сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Бағдарлама экологиялық мәселелерді көтереді.
Ә.Құсайынов жиылған жұртқа тіршіліктің “жасыл” векторының ғылыми негіздемесі туралы, оның ішінде қоғамды кезең-кезеңмен экологияландырудың күрделі әрі өзекті міндет болып табылатыны туралы әңгімелеп берді. Бұл – дамудың алдағы жоспарын мұқият зерттеу арқылы ғана қол жеткізуге болатын жаһандық мақсат.
Кандидаттың айтуынша, әлемдік экологиялық мәселелерге тиісті деңгейде назар бөлінбеуі, халықаралық пікір алмасуларда бұл тақырыптың тар шеңберде қозғалуы жаңа, абструктивті табиғи құбылыстарды туындатуы мүмкін.
“Экология – адамзат тіршілігінің маңызды факторы. Біздің айналамыздағының бәрі – табиғат, біздің өмір сүріп жатқан ортақ әлеміміз. Технология ілгері дамыған сайын “жасыл” орта әлсіреп барады. Оған дәлел ретінде топырағы құнарлы жерлердің тапшылығын атап өтуге болады. Бүгінде бір адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажетті жердің көлемі әлем бойынша 21,9 гектарға тең. Ал Жер шарының биологиялық мүмкіндігі 15,7 гектарды ғана құрайды. Яғни, өздеріңіз байқағандай, жерді мекендейтін 7 миллиард адамның әрбіреуін таза, ластанбаған, құнарлы жермен қамту үшін кем дегенде 6,2 гектар жетіспейді. Бұл – өте күрделі мәселе”, – деді Ә.Құсайынов.
Кездесу барысында сөз алған кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан да экологиялық тақырыптың өзектілігіне тоқталды.
Бұл күні Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың Қостанай облысындағы штабының жұмысы таныстырылды.
* * *
Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайынов Қостанай қаласында “Қостанай су” коммуналдық кәсіпорнының ұжымымен кездесті.
Өз сөзінде Ә.Құсайынов сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырып өтті.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, әлемнің түрлі елдеріндегі экономиканы қарқынды дамыту жұмыстары қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктері мен ол көтере алатын шектеулі шаруашылық салмақты ескермей жүргізіліп жатыр.
Оған қоса, Ә.Құсайынов экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды.
“Жалпы білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар тұрақты экологиялық-ағартушылық жұмыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады”, – деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Сонымен қатар “Қостанай су” ұжымының алдында Ә.Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Бауыржан Тибеев сөз сөйледі.