Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы Асхат Жұмабеков пен Мұқтар Оспанов Оңтүстік Кореяның Тэд-жон қаласында өткен халықаралық “Жас ғалым” ғылыми жобалар байқауына қатысты. Білім додасынан Асхат жеңіспен оралса, Мұқтар сертификатқа ие болды.
Ғылыми жобалар байқауында Қазақстаннан 200 оқушы бақ сынаған. Байқауда Қазақстан және дүниежүзі тарихы, биология, ағылшын тілі, химия, география, математика, физика, информатика пәндері бойынша жобалар қорғалды. Асхат Жұмабеков жобасын қорғаған дүниежүзі тарихы секциясына барлығы 35 жоба ұсынылған. Соның ішінен екі оқушы 1-орынға лайық деп танылған.
Асхат Жұмабеков Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде “Петропавл қаласында болған шетелдік әскери тұтқындардың тарихы” тақырыбын зерттеді. Басталғанына жүз жыл толып отырған Бірінші дүниежүзілік соғыстың тарихы бүгінгі күні өзекті. Ол көптеген зерттеушілердің, ғалымдардың, әскери тұтқындар ұрпақтары мен осы оқиғаға қатысы бар тұлғалардың қызығушылығын тудыруда. Асхат мұрағаттық деректер негізінде Ақмола губерниясының орталығы болған Петропавл қаласында әскери тұтқындардың жағдайын және олардың біздің аймақты дамытуға қосқан үлесін зерделеді.
Петропавл қаласындағы әскери тұтқындардың арасында австриялықтар, чехтар мен немістер басым болған. Олар қаланы абаттандыру бойынша күнделікті еңбекке тартылып, ғимаратты тұрғызуда ақтасты пайдалануды үйретті. Барақтарда тұрып, темір жолда, ет комбинаттарында жұмыс істеді, ауырып қалған жағдайда Петропавл қаласының ауруханасы мен әскери лазареттерге орналастырылды. Жаз айларында уездердегі ауыл шаруашылығы жұмыстарына (барлығы 5300 адам) жіберілді. 1920-1921 жылдары Солтүстік Қазақстанға еркімен және еріксіз келгендерді құжаттау жүргізілді. Тұтқынның әскери-азаматтық карточкасы негізгі есепке алу құжаты болып саналды.
Аталмыш тақырыпты бұған дейін зерттеуге шектеу қойылып келген. Енді осыған дейін зерттелмеген жаңа тарихи дереккөздер ғылыми айналымға енгізілді. Ол Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы бірнеше құжаттарға қатысты. Асхат жобаны ағылшын тілінде қорғады.
Бүгінгі күні халықаралық деңгейдегі түрлі сайыстарға қатысқан гимназия-интернаттың 19 оқушысы Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылмақ. Бұл да мектебіміз үшін зор жетістік.
Айнагүл ЕСҚАЛИЕВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған
гимназия-интернат директорының орынбасары.