
Облыстық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығында өнерпаз жастар арасында “Балалар – әлем ырғағында” атты тұңғыш өңірлік фестивальдың іріктеу кезеңі болып өтті.
Талантты жас орындаушыларды, жезтаңдай әншілерді анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында еліміздің барлық облыстарында ұйымдастырылған шараға музыка, хореография, вокал аталымдары бойынша 12-17 жас аралығындағы өңір өрендері қатысты. Олардың өнерлерін бағалау барысында іріктелген жиырма жеті өнерпаз үстіміздегі жылдың 15-17 маусым күндері өткізілетін фестивальдың ақтық байқауына қатысып, таланттарын тағы бір мәрте дәлелдеп көрмек. Сондай-ақ, байқауға қатысушылар еліміздегі мәдениет және өнер саласының белгілі майталмандарымен бірге сабақ, семинар-тренингтер өткізуге мүмкіндік алмақ.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі – Анатолий Савчуктің айтуынша, фестивальдың тоғыз жеңімпазы шілде айының 17-сі күні Астана қаласында өтетін Халықаралық дәстүрлі музыка кеңесінің 47-ші дүниежүзілік конференциясы шеңберіндегі концертке қатысатын болады.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.