Елбасымыз өзінің биылғы президенттік сайлауалды бағдарламасы ретінде қоғамымызда бес институттық реформа жүргізуді ұсынған болатын. Тәуелсіздік жылдарында сөзі мен ісінің арасында еш алшақтық болмайтынын дәлелдеген Мемлекет басшысының елімізді әлемдегі ең мықты отыз мемлекеттің қатарына қосу мақсатын көздеген түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыруды үлкен саяси ерік-жігермен қолға алғанын біліп, қуанып та, қолдап та отырмыз. Соның тағы бір айғағы – Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспары. Онда осы жоспардың негізгі мақсаты “аурулардың сыртқы белгілерін” сылап-сипап қою емес, оларды “жүйелі емдеу” болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайтындығы мәлімделген.
Президентіміз аталмыш бес реформаны іске асырудың табыстылығы көп ретте олардың ішіндегі алғашқы екеуіне – кәсіби мемлекеттік аппарат құру мен заңның үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты екендігін ерекше атап көрсеткен болатын. Шындығында да, қазіргі мемлекеттік қызмет пен сот жүйелеріне түбегейлі реформа жүргізу қажеттігі әбден пісіп-жетілгендігі сөзсіз. Мемлекеттік қызметтің беделі түсіп кеткендігі соншалық, бүгінгі қоғамда оны арам жолмен оңай баюдың жолы ретінде қарастыратын тоғышарлық көзқарас орныға бастады. Болашағынан үміт күттіретін, білімді де іскер жастар мемлекеттік қызметке қызықпауға айналды. Өйткені, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының көңілден шықпайтындығы, “Мен – бастықпын, сен – ақымақсың” дегендей төрешілдік көзқарастардың, неше түрлі келеңсіз көріністердің белең алуы әрі “көкесіз” мансап жасау қиындығы, әсіресе, “Б” корпусының беделін кетіріп тұрғаны анық. Ал кей судьяға жұрт қазіргі жемқорлық жайлаған қоғамда әділдік орнатуға күш салушы күрескерден гөрі “алтын көрсе, жолдан таятын періште ғой” деп қарайтындығы да жасырын емес. Міне, сондықтан да мемлекеттік қызмет пен сот жүйесінде алдағы уақытта болатын үлкен өзгерістер Ұлт жоспарында тайға таңба басқандай етіп белгіленгендігі Елбасының бастамасымен өмірімізге енгізілетін бес институттық реформаның нәтижесі халық көңілінен шығатындығы күмән тудырмайды. Мәселен, мелекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиістігі, мемлекеттік қызметшілердің мансабы олардың іскерлік қасиеттеріне қарап бағалануы қажеттігі, мемлекеттік қызметке қабылдаудың үш сатылы жүйесін енгізу, олардың еңбекақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру, барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заң қабылдау, бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу сияқты нақты шаралар көп күттірмей-ақ өз тиімділігін көрсетеді деп ойлаймын.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі.