Елімізде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Ұлттық жоспар бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл ретте біз өзімізге артылатын жүктің жауапкершілігі зор болатынын сезінеміз. Өйткені, Елбасымыздың өзі: “Кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – баршамызға ортақ парыз”, – деп болашақтағы үлкен міндетімізді меңзеп отыр. Расында да, дамыған елдердің қатарына қосылу біз үшін – ұлы мақсат. Бәріміз сол үшін жұмыла еңбек етуіміз керек. Сонда ғана келер ұрпаққа көркейген елді, нығайған бірлікті, мызғымас тұрақтылық пен еселенген байлықты мұра ете аламыз. Бүгінде өндірістің қай саласында жүрсек те, еңбек етсек те барлық күш-жігеріміз осыған бағытталуы тиіс.
Елбасы енгізген бес институттық реформада айтылғандай, елімізге индустрияландыру мен әртараптандыруға негізделген экономикалық өрлеу қажет. Оған қол жеткізу үшін бүгіндері шама-шарқымызша индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Оның түп төркіні өндірісті одан әрі дамытуды көздейтіндіктен, ондағы әрбір қол жеткізген жетістікті еселей түскеніміз жөн. Өз шаруашылығымызда осы ұстанымды басшылыққа алудамыз. Біздің “Целинное – 2004” ЖШС-іне қарасты елді мекенде 300 отбасы түтін түтетіп жатыр. Тұрғын үйлердің 80 пайызына таза ауызсуы енгізілген, 50 пайызы бір орталықтан жылытылады. Шаруашылықтың бұрынғы инфрақұрылымдары баз баяғы қалпында сақталған. Агроқұрылым мемлекет тарапынан көрсетілетін жан-жақты көмекті тиімді пайдалануға, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге, машина-трактор паркін жаңғыртуға ерекше назар аударады.
Серік ЫБЫРАЕВ,
“Целинное – 2004” ЖШС-нің директоры.
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.