Балалардағы көмекей-мұрын қуысындағы лимфа бездерінің ісік тәрізденіп үлкеюін аденоид деп атайды. Бұл дертке сәбилер жиі шалдығады. Баланың тыныс алуы қиындайды. Ұйқысы бұзылады. Ауру тіс шығуын кешеуілдетіп, баланың құлағы дұрыс естімей де қалады. Тіпті, тілдің кемістігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Сырқатты емдеудің бірден-бір жолы – ота. Ота күрделі. Сол себепті жасы беске толмаған балаға ескі әдіспен ота жасау қауіпті саналады.
Облыстық балалар ауруханасында сатып алынған заманауи медициналық құрылғының көмегімен аталмыш дертке шалдыққан балалардың жасына қарамастан ота жасалатын болды. Аурухананың бет-жақ хирургиясы мен оториноларингология бөлімшесінде бүгінгі күні жаңа құрылғымен жиырмаға тарта балаға ота жасалды.
Бөлімше меңгерушісі Абзал Бөлекбаевтың айтуынша, заманауи құрылғымен отаның жасалу барысын бақылауға мүмкіндік туып отыр. Мұрын қуысындағы қан тамырларын зақымдамай, ісікті толықтай кесіп алуға болады. Құрылғы диагностикалық бағытта да қолданылады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.