Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы орайда айтпағым, біз көп жылдан бері Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеп келеміз. Бұл байланыс халқымыздың рухани-мәдени бірлігін нығайтуға, дәстүрімізді жаңғыртуға, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Үстіміздегі жылдың басынан біздің мұражайда “Қазақстандағы орыс қауымы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен, “Видергебурт”, “Коперник” сынды неміс, поляк ұлттық-мәдени орталықтарымен бірігіп жасалған көрме өз көрермендерін тапты. Сондай-ақ, мұражай әзірбайжан, еврей қоғамдық бірлестіктерімен белсенді қарым-қатынас орнатқан.
Көпшілік назарына балалар шығармашылығы, әуесқой суретшілердің туындылары, сәнді қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстары ұсынылды. Көрмелерге қатысушылардың қатарында шетелдің өнерлі балалары да бар. Мысалы, “Рождестволық қиялдар” көрмесіне Ресей қалаларынан да балалар өз жұмыстарын ұсынды. “Коперник” поляк ұлттық-мәдени орталығы ұйымдастырған “Қазақстан мен Польша арасында” деп аталған көрмеде поляк балалары белсенділік танытты. Бұл көрменің ерекшелігі Польша елінің балалары өз жұмыстарын қазақ ертегілерінің желісімен жасады.
Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған “Менің Қазақстаным” атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге жерлес суретшілеріміз Айдарбек Қалдыров, Вячеслав Смирнов, Руслан Абдрафиков, Любовь Прусс, Василий Манзя, Анатолий Бургаев және тағы басқалардың туындылары қойылды. Сонымен қатар, көрме қорымыздан алынған туындылармен толықтырылды. Оның ішінде Т.Тоғысбаевтың “Қазақ биі”, А.Қ. Жұбановтың “Ана” картиналары, Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі А.Молдабековтың “Демалыс” туындысы бар.
Жібек ЖҮЗЕНОВА,
облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері.