Ақын Ғалым Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебінде жыл сайын оның туған күніне орай шара өткізу дәстүрге айналған. Биыл “Ғалым Малдыбаев – эпик ақын” деп аталатын еске алу кеші мектеп мұражайында өтті.
Ақын атамыздың туған күні құрметіне арналған шара барысында “Жас ұлан” қатарына қабылданған 5-сынып оқушылары жақсы оқуға, Отанды кіршіксіз сүюге, тәртіпті болып, білім ошағына жаман ат әкелмеуге ант беріп, өздерінің патриоттық сезімдерін білдірді. Жасұландықтарға көк байрағымыз түстес галстуктары мен төсбелгілерін салтанатты түрде тағу құрметіне мұғалімдер ие болды. Олар “Жас ұлан” қатарына қабылданған шәкірттерін құттықтап, білім ошағының абыройына кір келтірмей, үлгілі, өнегелі болып, биік белестерден көрінулеріне тілектестіктерін білдірді.
Жүрегі жырлаудан, сырлы саздар тербеуден жалықпаған атамыздың артында қалдырған өлеңдерін оқушыларымыз ерекше бір рухпен, сезіммен оқыды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталды.
Кеш барысында ақын атаның төл туындыларымен қатар, Диқан Әбілевтің, тағы басқа қаламгерлердің Ғалым Малдыбаевқа арнаған өлеңдері, мақалалары оқылды. Шараның соңында шәкірттер ақын атамыздың мұражайдағы құнды заттары мен тарихи жәдігерлерін тамашалады.
Жадыра ШАКИРБАЕВА,
Ғ.Малдыбаев атындағы
Жаңажол орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Шал ақын ауданы.