«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛЕЛІ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың жүз нақты қадамын белгілеп, күрделі кезеңде сыннан сүрінбей өтудің берік алғышарттарын айқындап берген болатын. Реформалаудың негізгі мақсаты ішкі-сыртқы қауіп-қатерлердің алдын ала отырып, барлық күш-жігерді мемлекеттілікті нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындауға бағыттау болып табылады.

Бүгінгідей беймаза мезгілде Қазақстан өз жолын таңдап, жаңа тарихи кезеңге аяқ басып отыр. Түпкі мұратымыз өркениетті отыз елдің қатарына ену десек, биіктерге бастайтын бағдарламалардың шешілуіне қалың жұртшылық болып атсалысқанда ғана алға қойған мақсатымыздың орындалатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда кезекті реформаның әр бабы өміршеңдігімен назар аудартады. Бес институционалдық реформа ішіндегі есеп беретін мемлекетті қалыптастыру маңыздылығын ешкім жоққа шығара қоймас.  

Жасыратыны жоқ, елімізде мемлекеттік жоспарлаудың ықшам жүйесін құру жөнінде қаншама айтылғанымен, белгілі нәтижелерге қол жеткізе алмай келе жатқанымыз талассыз шындық екенін мойындауға тура келеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың біртекті тәртібінің ұсынылмауы, орындалу механизмінің нақтыланбауы салдарынан көпқабатты үйлерді жөндеуге қарастырылған қаражаттың бей-берекет жұмсалып жататындығы, тендерлерге кездейсоқ адамдардың қатысатыны, “бармақ басты, көз қысты” тамыр-таныстыққа жол берілетіні жасырын емес. Сол себепті 92-ші қадамда атап көрсетілгендей, жекелеген салалық бағдарламалардың мемлекеттік бағдарламаларға интеграциялануымен мемлекеттік бағдарламалар санын қысқарту арқылы аумақтық даму бағдарламасын негізгі мақсатты индикаторлар ретінде қайта пішіндеу басы артық қызметтерді қысқартумен қоса ықшамдылықты, нақтылықты арттыра түсері даусыз.

Петропавл қаласында бір мыңға жуық көпқабатты үйлер болса, олардың 70 пайызға жуығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Шатырларды, іргетастарды, дәліздерді қалпына келтіруге тұрғындардың да, пәтер иелері кооперативтерінің де қаржылық мүмкіндіктері келмейді. Жергілікті қазынаның да қалтасы көтере бермейді. Сондықтан ведомстволық салалық бағдарламалардың қолжетімділігін нығайту арқылы ғана қаражатты мақсатты жұмсау үйлесімділігін орнықтырып, баспанаға деген қажеттілікті өтей аларымыз анық.

Сергей ХУДЯКОВ,

  “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту Қазақстан орталығы” АҚ облыстық филиалының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp