«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСАМПАЗ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Стратегиясын қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты деп қабылдаймыз. Президенттің әр жылдардағы Жолдауларында айтылған міндеттер орындалып, егемен еліміздің тұғырын нығайтып келеді. Осыдан 18 жыл бұрын қабылдаған “Қазақстан – 2030” бағдарламасында көрсетілген міндеттер мерзімінен бұрын орындалып, енді 2050 жылға дейінгі мақсаттар мен міндеттер белгіленіп, оларды жүзеге асырудың жолдары айқындала түсуде.

Елбасының ұлт жоспары да жастарға үлкен аманат жүктеп, ауыр жүкті еңсеруге жігерлендіреді. Болашаққа бағдарланған 100 қадаммен танысу барысында менің ойыма Президентіміздің: “Мен жастар біздің болашағымыздың тірегі дегенді әр кез айтып келемін”, – деген сөздері оралды. Мемлекет жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, қажетті мамандықтарды игерулеріне, өз арман-мақсаттарын жүзеге асыруына бар мүмкіндікті жасап келеді. Осыларға әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері, “Болашақ”, “Балапан” бағдарламалары дәлел.  

Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл №1 орта мектебінің мамандары да мемлекеттің ұстанымы мен қағидаларын басты назарға ала отырып, абыройлы еңбек етуде. Аудандағы 25 мектептің ішінде толық жинақталған екі мектеп болса, солардың бірі – біздікі. Мектепте 59 мұғалім жұмыс істейді. Білім сапасын арттыру мақсатында мұғалімдер деңгейлік курстарынан өткізіліп тұрады. Бүгінгі таңда 14 мұғалімнің біліктілігі жоғары деңгейге жеткізілсе, 2017 жылға дейін бұл көрсеткіш ұстаздардың 40 пайызында болуға тиіс. Курстардан өткен ұстаздар мектепте жаңа технологияларды игеру үшін жұмыс топтарын құрып, іс-тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

Білім сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы. Соңғы бес жылды алсақ, ҰБТ көрсеткіштері бойынша мектебіміз ауданда алғашқылардың қатарында. Өткен 2013-2014 оқу жылының нәтижесі бойынша орташа 87,6 балмен 25 мектептің ішінде үшінші орынға ие болдық. Осы бес жылда 28 түлек 100-ден артық балл алса, 60 түлек грант иегері атанды. Біздің мектептің екі түлегі “Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алды. Биыл екі түлегіміз “Алтын белгі” иегері атанады деп үміттеніп отырмыз. Оқушыларымыз түрлі аудандық, облыстық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, өнер, спорт салалары бойынша көптеген жеңістерге қол жеткізіп жүр. Бұл нәтижелер мектептегі педагогтердің біліктілік деңгейін арттырудың арқасында мүмкін болып отыр десек қателеспейміз.

Бұл ретте шешуін қажет ететін мәселелердің бірі – ауылдық жерлерде пәндік мұғалімдердің жетіспеушілігі. Бірақ бұл мәселенің де шешімді жолдары табылып жатады. Мәселен, математика пәні мұғалімінің информатика пәні бойынша сырттай оқуға түсуіне қолғабыс жасаймыз. Немесе мектебіміздің түлектерін “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша тартуға бар күш-жігерімізді саламыз. Соңғы үш жылда мектепке 20-ға жуық жас маман келіп, аталған бағдарлама бойынша көтермеақыларын алып, жеңілдетілген кредит арқылы баспаналы болды. Бұл да мемлекет тарапынан жастарға жасалып отырған зор қамқорлық.

Мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсара түсуде. Осыдан екі жыл бұрын “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 49 миллион теңгеге мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, сол жылы өз күшімізбен мектептің жылу қазандығын ғимараттан тысқары орнатып алдық. Мектептің компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуі туралы айтсақ, бүгінде бес балаға бір компьютерден келеді. Сыныптарда мультимедиялық, физика және химия пәндері үшін арнайы жабдықталған кабинеттер бар. Оқушылар алты интерактивті тақтамен жұмыс істейді.

Мектептің материалдық-техникалық базасына көмектесетін демеушілеріміз де бар. Өткен жылы “Ар” ЖШС-нің басшысы К.Жантілеуов спорттық құрал-жабдықтармен қамтыса, бір сыныптың толық жиһазын “Темірбекова Р.М.” жеке кәсіпкерлігі сыйға тартты, ал “Қызылту-Нан АФ” ЖШС-нің директоры К.Дүсүріпов бейнепроектормен жабдықтады.

Президент ұсынған жаңа жоспарлардағы дамудың сара жолы азаматтарды жігерлендіріп, жүрегімізге сенім ұялатып қана қоймайды, сонымен бірге болашаққа дұрыс бағыт-бағдар қабылдатып, нығыз қадам жасауға жетелейді. Еліміздегі білім, ғылым саласының өркендеуі мен дамуы ел үшін құнды құжат болып табылатын Жолдауларда айқын көрінеді. Ұлдарымыз бен қыздарымыз жасампаз болулары керек. Сонда ғана еліміздің болашағы жарқын.

Марат БАЛТАБАЕВ,

Кішкенекөл №1 орта мектебінің директоры,

аудандық мәслихаттың депутаты.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp