«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАНҒА ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысқан Шал ақын ауданы мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар аудан әкімі қызметіне ұсынылған Ербол Сағдиевтің кандидатурасына келісім берді.

Ербол Сағдиев еңбек жолын 198З жылы зоотехниктен бастаған, кейінде кеңшар директоры болды. 200З жылдан бастап Ақмола облысы аудандарында әкім болды. Осы тағайындауға дейін Ақмола облысындағы Сандықтау ауданының әкімі қызметін атқарды. “Ербол Болатұлының қажетті кәсіптік білімі мен айтарлықтай мемлекеттік басқару іс-тәжірибесі бар”, – деді Ерік Хамзаұлы.

Ұсынылған кандидатура үшін депутаттар бірауыздан дауыс берді, одан кейін облыс әкімі тиісті өкімге қол қойды. Ербол Сағдиевті тағайындалуымен құттықтаған өңір басшысы ауданның жаңа басшысының алдына бірқатар міндеттер қойды. Бәрінен бұрын ол агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды, атап айтқанда, майлы және жемазықтық дақылдардың аумағын ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы мал шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарламаларды орындаудың маңыздылығына да назар аударды. Ауданда асылтұқымды репродукторлар, мал семірту алаңдарын құру, “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” және “Ырыс” бағдарламалары аясында ірі қара, жылқы және қой сатып алуды қамтамасыз ету қажет.

“Индустрияландыру картасы басымды бағыт болып табылады. Аудан бойынша оған екі жоба енгізілген. Тағы бірқатар жобалар әзірленуде. Оларды ілгері бастыру және Индустрияландыру картасына енгізу жөніндегі жұмыстарды ширату қажет, ол жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасына инвестициялар тартуға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті облыс басшысы.

Сол сияқты жұмыстағы басымды бағыттардың қатарында туризмді дамыту, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру және ауданның көліктік инфрақұрылымын дамыту аталды.

Өз кезегінде Ербол Сағдиев өзіне көрсетілген сенім үшін рақметін айтты және өңір басшысы алға қойып отырған міндеттерді жүзеге асыруға дереу кірісуге сөз берді.

Аграршылармен болған жұмыс кеңесінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров облыс әкімін көктемгі-дала жұмыстарының барысымен таныстырды. Ол атап өткендей, Шал ақын ауданында егіске дайындық бар: көлемі 5,8 мың тонна минералдық тыңайтқыш алуға келісімшарттар жасалған, қажетті тұқым мен жанар-жағармай қоры бар, 48 егіс кешені және 2000 бірлікке жуық басқа техникалар жұмыс істейді.

Ерік Сұлтанов аграршылардың назарын машина-трактор паркін жаңғыртудың қажеттігіне аударды.

Одан кейін өңір басшысы “Азко-Жаңажол” ЖШС-інде болды. Мұндағы ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 8 мың гектарды құрайды, серіктестік егіншілері көктемгі-дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыс әкімі Шал ақын ауданы егіншілеріне егіс науқанын мерзімінде аяқтауға тілек білдірді, ол үшін оларда ресурстың жеткілікті екенін атап өтті.

Сонымен бірге, өңір басшысы “Повозочное-Архангелка-Пресновка” автожолының эксперименталдық учаскесін байқап көрді. Бүгінде мұнда 2,4 шақырым жол жөнделген. Ерік Сұлтановқа жұмыс барысы туралы “Петропавл-Жолдары” ЖШС-нің бас инженері Евгений Осмехин айтып берді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Есіл және Қызылжар аудандарында жалғасты, онда өңір басшысы көктемгі-дала жұмыстарының барысымен танысты, сол сияқты аудандық ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерімен кездесті.

Облыс әкімінің  

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp