
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды. Өңір басшысы ең алдымен көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты. Биылғы жылы мұнда 164 200 гектар алқапқа тұқым себу көзделуде. Бұл ретте дәнді дақылдар 130 мың гектардан аса және майлы дақылдар 26 мың гектардан астам алқапқа сіңіріледі. Мамлюттік егіншілер егіс жұмыстарына толық дайын екендіктерін мәлімдеуде: тұқым, жанармай және техника жеткілікті.
– Жанармайға сұраныс – 2622 тонна, ол толық құйып алынған, барлық техникалар, соның ішінде – 24 егіс кешені және 750 сеялка агрегаттары дайын. Менің ойымша, ауа райы жақсы болса, аудан 13 күнде тұқым себу науқанын аяқтайды, – деді Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Искак Насыров.
Ерік Сұлтанов “Ишим Агро Норд” ЖШС-нің аумағында ауданның ірі шаруашылықтарының өкілдерімен кездесті. Аграрийлер қазірдің өзінде алқаптардың 20 пайызына тұқым себілгенін айтты. Өңір басшысы атқарылған жұмыстарға қарамастан, тұқым себудің қарқынын шапшаңдату керектігін атап көрсетті.
Аудандық агроқұрылымдар атынан “Родина” ұжымдық шаруашылығының басшысы Михаил Юрков Ерік Сұлтановқа орақ жұмыстарын жоспарлаудан бастап, астықты өткізуге дейін аграрийлердің іс-қимылдарын үйлестіретін жұмыс органын құру қажеттігі жөніндегі ұсынысын жеткізді. Облыс әкімі ұсынысты қолдап, қазір астықты сыртқы рынокта өткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Өңір басшысы, сондай-ақ, “Кулик Н. П.” және “Белое Агро” ЖШС-лерінде де болды. Мұнда көктемгі егіс жұмыстары барынша қарқынды жүріп, алқаптардың 20 пайыздан астамына тұқым себілген. Бұл шаруашылықтар алқаптарының бір бөлігі мал жайылымдарына берілген. “Кулик Н.П.” ЖШС-інде қазақтың ақ бас сиырлары, ал “Белое Агрода” – ангус тұқымды сиырлары өсіріледі.
Мамлюттік балалардың демалыс мәселесі де өңір басшысының назарынан тыс қалмады. “Искра” сауықтыру лагерінде жөндеу жұмыстары қазірдің өзінде аяқталуда. Лагерь басшысы Андрей Токарев Ерік Сұлтановқа жуынатын жайды, ыстық ағын суды жіберуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Ұйықтайтын корпустар, клуб, асхана жабдықталған, лагерь аумағында көз тартатын мүсіндер орнатылған. Соған қоса, медицина қосыны, құрама бассейндер жұмыс істейтін болады, бес мезгіл тамақтандыру ұйымдастырылған. Жазда мұнда 900 жас мамлюттіктің демалуы көзделген.