«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҒЫМЫЗДЫ БАЯНДЫ ЕТЕТІН БЕС БАҒЫТ

Елбасымыз алдымызға әлемнің неғұрлым дамыған отыз елінің қатарына енуді “Қазақстан – 2050” Стратегиясында басты бағдар етіп қойды. “Нұр Отан” партиясының биылғы жылғы 11 наурызда болып өткен ХVІ съезінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев әлемде қалыптасып отырған күрделі жағдайларға қарамастан, Қазақстан өзінің алға қойған мақсаттарын ойдағыдай жүзеге асырғанын айта келіп: “Бүтіндей алғанда, біз жоспарланғандардың бәріне қол жеткіздік! Алға қарай қарышты қадам жасалды! Бұл баршамыздың ортақ жеңіс маршымыз! – деп түйіндеді де: “Біздің мемлекеттілігіміздің ауқымды сын-қатерлеріне қалыптан тыс және күшті жауап беру қажет. Бір орында тұруға болмайды. Өз табыстарымызды арқау етіп, өзіміздің мемлекеттілігімізді дамыту үшін біздің алға қарай қозғалуымыз керек. Сондықтан да мен бес институционалдық реформаны алға тартамын” деген тұжырым жасады.

Елбасының осы бес реформасын еліміздің саясаткерлері, әртүрлі саладағы білікті мамандары ғана емес, әлемнің танымал экономистері, заңгерлері, сондай-ақ, ресми және қоғамдық ұйымдар талқылап, Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына ұсынған бұл реформаларының маңыздылығын, олардың елдің алға басу болашағын көздейтін ұтымдылығын атап көрсетуде.

Президенттің ашып айтқан ұстанымының бірі – әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейге тәуелді екендігі. Елбасымыз мемлекеттік аппаратта команда топтастыруды сынады. Бір қамқоршының жанында мұндай команданың қалыптасуы сыбайлас жемқорлыққа жол салатыны белгілі. Ал тамыр-таныстық, туыстық принципіне негізделген мемлекеттік қызметте кәсіби біліктілік, іске жан-тәнімен берілу назарға алынбайтыны белгілі. Сол үшін Президент меритократия қағидаттарын қорғауды ұсынды. Ол: “Меритократия тек мемлекеттік аппарат үшін ғана емес, сонымен бірге соттарды, құқық қорғау органдарын, ұлттық компаниялар мен холдингтерді қоса алғанда, бүкіл мемлекеттік сектор үшін де жалпыға бірдей қағидатқа айналуы тиіс”, – деп қорытындылады.

“Меритократия” дегеніміз – басшы қызметтерге әлеуметтік шыққан тегіне, қаржылай байлығына қарамастан, қабілетті адамдар тағайындалуға тиісті басқару принципі. Осы орайда Елбасымыз мемлекеттік қызметке қабылданатын адамдарға қойылатын талаптар қатаңдатылып, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерді толық аттестациядан өткізуді талап етті. Ол үшін Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің жанынан сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жеке дербес бөлімше құруға тапсырма берді. Міне, бұл қадам мемлекеттік қызметтің тиімділігін жақсартып, онда тамыр-таныстыққа, ағайыншылыққа жол бермеудің бірден-бір амалы болмақ.

Президент тапсырмасы еліміздің барша өңірлерінде жүзеге асырылуға тиістілігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің біздің облыстық департаменті де меритократияны басшылыққа алып, өңіріміздегі мемлекеттік қызмет жүйесіндегі туысқандық, тамыр-таныстық сияқты кеселдермен ымырасыз күрес жүргізуі керек. Жасыратын несі бар, әуелі қалтасын қампитып алған кейбір кәсіпкерлер маңына қоңсы қондырмағанды былай қойсын, сол қаржысын малданып, мемлекеттік қызметтің биігіне, билікке ұмтылады. Елді басқаруға қабілеті, білімі жете ме – ол жағын ойлай бермейді. Олардың көздегені – әйтеуір, көштен қалмау, көпке әмірін жүргізу. Елбасымыз осындайлардан арылу қажеттігін қатаң ескертті.

Елді өркендетудің Елбасымызды толғандыратын екінші реформасы – экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл ретте судьялардың кәсіби біліктілігіне, Конституция талаптарына сай әділдікке сүйенуіне зор назар аударды. Президент: “Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықтан емдейтін дәрі”, – деп үкім шығарушылардың арасында жемқорлық орын алатынын ашық айтты.

Ал ішкі істер органдары жайындағы ұстанымына ой жіберсең, полицияның кейбір қимылдары азаматтарды қорғау үшін емес, кейде олардың құқықтарын аяққа басып, тіпті, қорлауға дейін барып қалатын іс-әрекеттермен ұласып жататын жайттарға кезігесің.

Бір айрықша назарда ұстайтынымыз – Елбасының экономикалық өсімге ерекше көңіл бөлуі. Мұны Президенттің Жолдауларын, әсіресе, “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” аталған Жолдауын әлемдік сарапшылар алдағы уақыттағы жаһандық сын-сынақтардан өтудің толыққанды бағдарламасы деп сипаттауда. Осы ыңғайда индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсімге қол жеткізу мақсаты тұр. Бұл – бес реформаның бірі. “Индустрияландыру – экономиканың құралы ғана емес, сонымен бірге мемлекет дамуының және орта тапты қалыптастырудың маңызды факторы” деген Елбасымыз аграрлық және қайта өңдеу секторларын жаңа кешенді бағдарламалар негізінде дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Бұл орайда Үкіметке нақты тапсырыс берілді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес арқылы жұмыс орындарын құру қажеттігін қадай айтты.

Тұрақтылық пен келісім – біртұтас ұлт құрудың кепілі. Бұл идея “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында анық айтылған. Бес реформаның бірі осы идеяны діттей түседі. Қазақстанда “Мәңгілік Ел” жалпыазаматтық құндылық ретінде қастерлі. Еліміздегі 17 діни конфессия өкілдерінің бейбітшілік пен келісімде өмір сүруі – болашағы біртұтас ұлттың негізі. Қазақстанда ешбір ұлт артықшылық алып отырған жоқ. Татулық, рухани келісім, бірлік – баршаға ортақ. Ырыс орнаған шаңырақта ұрысқа орын жоқ деген қағиданың айғағы біздің елден табылады. Осынау тұрмысымызға тәубе десек, ол мұндай саясаттың іргетасын берік орнатқан Н. Назарбаевтың кемел де кемеңгерлік қабілеті мен қасиетінің арқасы.

Елбасымыз аталған бес реформаны түйіндегенде, “Осы бес реформа жинала келіп, Қазақстан мемлекеттілігін нығайту мен әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін жағдайлар жасайды. Бұл – “2050 Стратегиясын” орындауға бастар жол. Бес институционалдық реформаның әрқайсысы – ел үшін орасан зор сын-қатер және үлкен жұмыс. Мұндай реформалар тек билік пен халықтың мықты ерік-жігерімен ғана қамтамасыз етіле алады”, – деп қорытындылады.

Осы бес реформада алға қойылған міндеттерді орындауда онда аталған салаларда қызмет атқаратын азаматтар зор белсенділік танытуы керек. Сонда Президент жүктеген тапсырмалар жүзеге асырылып, Қазақстан әлемдегі неғұрлым озық отыз елдің қатарынан орын алатын болады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp