«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТІЛ ШЕБЕРЛЕРІ” АНЫҚТАЛДЫ

Петропавлдағы “Достық” үйінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мамандарының ұйымдастыруымен “Тіл шебері” байқауы өтті.

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгергендер арасындағы республикалық байқаудың облыстық кезеңінде он үш ауданнан және Петропавл қаласынан 21 мен 30 жас аралығындағы 14 үміткер бақ сынады.

Алғашқы бөлімде сайыскерлер қазақ халқының әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, төл мәдениетінен қойылған сауалдарға жауап берсе, екінші бөлімде тамыры – терең, тарихы – бай қазақ тілін бүгінгі ұрпаққа аманаттаған шешен-жыраулар, ақын-жазушылар, кемел кемеңгерлер жайында толғанды. Соңғы кезең “Өнертаным” деп аталды. Онда үміткерлер дәстүрді дәріптейтін сахналық көрініс ұсынып, жеті түрлі жаңылтпашты жаңылмай, үш тілде айтудан жарысқа түсті .

Байқау қорытындысында жүлделі үшінші орынды Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің мұғалімі Ирина Тухватулина иеленсе, Мағжан Жұмабаев ауданынан келген Гүлшарат Қарабаева екінші орынға табан тіреді. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданының өкілі Сергей Воронцов бас жүлдеге лайықты деп танылды. Халқымыздың “Отқа май құю” дәстүрін әсерлі жеткізе білген ол алдағы уақытта елордада өтетін республикалық сайысқа қатысып, облыс намысын қорғайтын болады.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp