«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮРІКТІҢ ТӘТТІ ТАҒАМЫ

Дүниежүзі бойынша түрік асханасы бірінші бестіктің ішіне кіреді, әсіресе, түріктердің бәліші мен тоқаштары өте дәмді. Түріктердің әлемге танымал болған тәттілерінің бірі – пахлава. Пахлаваның тарихы сонау Ассирия кезінен бастау алған. XV ғасыр тағамдарының құрамы, дайындалу тәсілі туралы кітаптардан пахлаваның жасалу жолдарын табуға болады. Түрік асханасында пахлавадан кем түспейтін жаңғақ пен дән түрлерінен жасалатын бал қоспасы бар. Оны “кадаиф” (kadayif) деп атайды.

Түрік асүйінде ежелден пісіріліп келген “синордың” өзіндік даярлау тәсілдері бар. Қазақстанда тұратын түріктер оны нағыз түрік тағамы деп ерекше атап өтеді. Синорды дайындауға ұн, тұз, жылы су, үй йогурты және ерітілген май қажет. Алдымен қамырды илеуден басталады. Қамырын кәдімгідей жылы су, тұз және ұннан жұмсақ етіп илеп, бірнеше сағатқа иін қандырып қояды. Қамырды бірнеше бөлікке бөліп, жұқа шелпектер жаяды, сосын құрғақ табада екі жағын қуырады. Осындай жартылай дайындалған өнімді түріктер юха деп атайды. Юханы ораймыз. Оны салатын табаның түбі мен қабырғасын майлаймыз. Үстіне ерітілген май, оның үстінен йогурт құямыз. Астыңғы бөлігі қытырлақ, үстіңгі беті жұмсақ болып піседі. Орама ретінде оралып, тізілген шелпектердің бетін 15-20 минутқа жауып, отты баяулатамыз. Дайын болған қамырды ыстық күйінде дастарқанға ұсыну қажет.  

Ал десерт түрлері – түрік асханасының орасан зор байлығы. Өз ісін жетіп меңгерген аспаздар сонау заманнан бері тамақ даярлау тәсілдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Соның бірі – “шакярляма”. Оның құрамы 200 гр. қант ұнтағы, 200 гр. ерітілген май және 600 гр. ұннан тұрады. Тәтті ауызға салғанда еріп кетуі қажет. Үлпілдек ақ көбік пайда болғанша, май мен қант ұнтағын әбден шайқап араластырып, оның үстіне ұн қосады. Қамыр жылы жерде 15-20 минут тұрса, үгілмелі болып шығады. Осы қамырдан дөңгелек пішінді печеньелер жасап, жарты ай пішініне келтіргеннен кейін май жағылған табаларға салып, ыстық пешке қоямыз. Ол жерде 20 минут тұрып піскен печенье түсін өзгертпейді, ақ күйінде қала береді. Ал суыған соң үстінен қант ұнтағын себеміз.

Абдурахман МАЙЧЫБАЙ,

аспаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp